Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Ислам банкінің Малайзиядағы өкілі Аминуддин Мат Ариф бастаған біртоп делегацияны қабылдады.
Кездесуге Малайзияның Стандарттау және ислами даму департаменттерінің (JAKIM) жауапты қызметкерлері, Германия халықаралық ықпалдастық қауымдастығының (GIZ) сарапшылары қатысты.
Ресми қабылдауда әлемдік халал стандарттау жүйесі мен осы саладағы қазақстандық тәжірибе туралы сөз қозғалды.
«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2016 жылы 3 түрлі стандарт жасады. Біріншісі – «ХАЛАЛ» өнімдерді өндіруге, дайындауға, өңдеуге, сақтауға, тасымалдауға және сатуға қойылатын жалпы талаптар» (1:2015), екіншісі – «мал бауыздау және ет өңдеу» (1:2016), үшіншісі – «тағамға қатысты қызметтер» (2:2016). Осы бағытта Малайзиядағы JAKIM және Түркияның SMIIC халал сертификаттау ұйымдарының ресми рұқсатымен стандарттары пайдаланылды. Сіздермен әріптестік байланысымыз алдағы уақытта нығая түседі деген сенімдемін», – деп атап өтті Бас мүфти.
Кездесуде сөз алған қонақтар халал стандарттау саласы бойынша тәжірибелерімен бөлісіп, осы бағытта Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен әріптестік байланыс орнатуға ниетті екендіктерін жеткізді.
ҚМДБ баспасөз қызметі