Қазақстандағы Катар елшілігі «Rixos» қонақ үйінде Катар ұлттық күніне арналған мерекелік кеш өткізді.
Салтанатты кешке ҚР Ұлтық экономика министрінің орынбасары Тимур Жақсылықов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі, Астана қаласының бас имамы Наурызбай Тағанұлы және бірқатар мемлекет елшілері қатысты.
Қатар елшісі Ахмед Әли Әл-Тамими өз сөзінде шараның мән-мағынасын баяндады. «Сіздерді өз елімнің Ұлттық күніне орай ұйымдастырылған мерекеде қарсы алғаныма өте қуаныштымын. Бұл керемет күнді Қазақстан Республикасында алғаш рет тойлап отырмыз. Мерекеге орай Қатар Мемлекетінің Әмірі Жоғары мәртебелі Шейх Тамим Бен Хамад Аль-Тани мырзаға және Қатар халқына шынайы құттықтауларым мен ізгі тілектерімді жолдаймын. Жыл сайын 18-ші желтоқсанда аталып өтетін Қатардың ұлттық күні – заманауи Қатар елінің негізін салушы аса мәртебелі Шейх Тәмим бен Хамад Әл-Тәни мырзаның билік басына келген күні – ұлттық болмысымыз бен тарихи сана-сезімімізді ұлықтау, отанымызды құруға үлес қосқандарға ризашылығымызды білдіру үшін жүрекке жылы да қымбат күн» деп атап өтті елші.
Катар елшісі сонымен қатар, барша халықты Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтай келе, республикамыздың Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дана басшылығымен саяси, экономикалық және әлеуметтік салаларда үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, жерінің тұтастығын, ұлт пен ұлыс өкілдерінің бейбіт өмір сүруін сақтап қалатынына сенім білдірді.
Ал вице-министр Тимур Жақсылықов Катар елшілігін атаулы күндерімен құттықтап, Қазақстан тарапынан мұсылман елдерімен ынтымақты қарым-қатынас жан-жақты дамитынын атап өтті. Айтулы кеште мәртебелі меймандарға дастарқан жайылып, ұтыс ойындары ұйымдастырылды. Қонақтар Катар елінің мейрамына арналған шарада әртүрлі кәдесыйларға ие болды.
«Нұр Астана» орталық
мешітінің баспасөз қызметі