Белгілі философ ғалым Омар Жәлелұлының «Харекет» атты кітабы жарық көрді.
Ұлттық академиялық кітапханада өткен тұсаукесер рәсімі ғалымның 50 жасқа толған мерейлі кезеңіне сәйкес келді. Рухани шуағы мол кешті тарих ғылымының докторы, профессор Мақсат Алпысбесұлы жүргізді.
Ғалымның туындысына академик Сейіт Қасқабасов, алаштанушы ғалымдар Дихан Қамзабекұлы, Тұрсын Жұртбай, философия ғылымының докторы Досай Кенжетай, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚМДБ-ның уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі, теолог PhD докторы Ершат Оңғаров, т.б дін және қоғам қайраткерлері ізгі лебіздерін арнап, тілектестік білдірді.
Ал елімізге еңбегі сіңген әртіс, өнертану профессоры Кенжеғали Мыржықбай, дәстүрлі әнші Ерлан Құжиманов, күйші Нұрғаным Саятқызы сынды өнер майталмандары кештің әрін ән-күймен әрледі.
«Харекет» кітабының бірінші бөлімінде Омар Жәлелұлының «Еңбек – рух» атты ғылыми диссертациясы монография ретінде ұсынылған. «Таным-таразы» деп аталатын екінші бөлімінде 1996-2016 жылдар аралығында жазылған автордың ғылыми-зерттеу мақалалары мен әдеби ізденістері қамтылған. Кітап көзі қарақты, қазақ руханиятына қызығушы жалпы көпшілікке арналады.
Қазіргі уақытта Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ұстаздық етіп келе жатқан Омар Жәлелұлының бұл еңбегі көпшіліктің сұранысы мен жас ғалымдардың ізденісіне жауап беретін құнды кітап.
«Нұр Астана» орталық
мешітінің баспасөз қызметі