06
Сәрсенбі,
Қараша

һижри

Дін мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер енгізіледі

Ел іші
Жарнама

Қазіргі уақыт – зайырлы мемлекет қағидаларын ұстанып, діни деструктивті ағымдардың алдын алу міндеттері тұрған кезең. «Зайырлылық қазақстандық қоғамның тұрақтылығының негізі ретінде» атауымен өткен Қазақстан дінтанушыларының VI форумында Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев осылай деп мәлімдеді, деп жазады E-Islam.kz.

Ведомство басшысының айтуынша, министрлік дін мәселелері бойынша заңнамалық актілерге өзгерістер енгізуді жоспарлайды.

«Нормативтік-құқықтық базаға, дін қызметі және діни бірлестіктер мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге және сабақтас заңдарға бірқатар өзгерістер енгізуді жоспарлаймыз. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мешіт қызметкерлерінің біліктілігінің арттыру, қаржылық қамтамасыз етудегі ашықтық бойынша тиісті шараларды жүргізуді көздейді» деді Н.Ермекбаев.

Министр сонымен қатар дін саласындағы жағдай саяси және қоғамдық қауіпсіздік үшін үлкен маңызға ие екенін атап өтті. Діни қызметті реттеу мақсатында министрлік бірнеше жылға арналған дін саласындағы арнайы тұжырымдаманы әзірлемек.

«ҚР 2017-2020 жылдарға арналған дін саласындағы Мемлекеттік саясат тұжырымдамасы әзірленуде. Бұл құжат ел руханиятының басты бағдарына айналады, себебі қазіргі қоғам осы саланы реттеуді қажет етеді. Республиканың ғылыми-сарапшылық қауымдастық, үкіметтік емес ұйым және діни бірлестік өкілдері тұжырымдаманы дайындауға қатысады» деді Нұрлан Ермекбаев.

Бұдан бөлек, министр ведомство өмір сүрудің зайырлылық үлгісін және діни тағаттылық құндылықтарын назарға ала отырып, халыққа ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырудың жаңа әдіс-тәсілдерін әзірлеу жұмыстарын да жүргізетінін жеткізді.

ummet.kz-ақпарат

Бөлісу: