Астана қаласында санитарлық-эпидемиологиялық нормалар мен талаптарды сақтау үшін құрбандыққа шалынатын малды соятын арнайы орындар белгіленді. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты жариялады.
Биылғы Құрбан айт мерекесінде құрбандық малдарын союға мына орындар берілді:
«Нұрбереке 555» ЖШС (Алаш тасжолы),
«Айсу» ЖШС (Алаш тасжолы, 10 км),
«Темеш» ШҚ («Астана – Алаш тасжолы», 7 км),
«Агро Өнім Астана компаниясы» ЖШС,
«Жайлау» (Алаш тасжолы, 33),
«Мақсат 2007» тасжолы (Железнодорожный кенті Ажар к-сі, 20),
«Шаушен» ЖШС (Алаш тасжолы, 10 км).
Қазіргі кезде өңірлерде адамдар мен жануарларға жұғатын аса қауіпті аурулар тіркеліп отырғандығын ескере келе, елорда тұрғындары мен қонақтарынан мал сатып алу кезінде мұқият болуларын сұраймыз.
Малдарды тек аталған мекенжайлар бойынша ғана сатып алыңыздар. Сатып алу кезінде сатушыдан малға жасалған вакциналар туралы тиісті белгілер қойылған ветеринариялық анықтаманы көрсетуін сұраңыз.
Екпе жасалған күнге баса назар аударыңыз. Екпе жасалғаннан кейін мал кем дегенде 15 күн карантинде болады. Осылайша, соңғы екпе 15 күн бұрын жасалуы тиіс.
Заңнама нормаларына сәйкес, ішкі сауда объектілеріне, соның ішінде базарларға сату үшін түскен жануарлардан алынатын өнімдер оны тамаққа пайдаланудың қауіпсіз екендігін көрсететін ілеспе ветеринариялық құжаттар болмаса, тәркіленіп, жойылады.
Айта кетейік, биыл Құрбан айт қыркүйектің 12-нен басталады. ҚР Еңбек кодексінің 96-бабына сәйкес, Құрбан айттың алғашқы күні демалыс күні болады.
Құрбан айт – Ораза аяқталған соң 70 күннен кейін аталып өтілетін мұсылмандардың ең ұлық мерекелерінің бірі. Бұл күні құрбандыққа мал шалынып, оның еті үшке бөлінеді: бір бөлігі кедейлерге таратылады, екіншісі отбасыда қалады, ал үшінші бөлігі қонақтарға ұсынылады.
ummet.kz-ақпарат