Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Халал өнімдерін стандарттау» бөлімі мен «Халал Даму» ЖШС-ның қызметкерлері халал өнімдерін шығаратын «Ансар Халал» кәсіпорынына тексеріс жұмыстарын жүргізді деп хабарлайды Muftyat.kz.
«Ансар Халал» кәсіпорыны 2015 жылы «Халал Даму» серіктестігінің сертификатын алып, Діни басқармамен бірлесіп жұмыс жасап келеді.
Аталмыш өндіріс ошағы жұмыс барысында Діни басқарманың «Халал өнімдері мен қызмет көрсету» ережелерін басшылыққа ала алады.
«Халал» белгісімен шыққан тауарлар, өнімдер шариғат қағидалары мен стандарт талаптарына сай болу керек. Ислам дінінің заңдылығында тиым салынған, рұқсат етілген нәрселер болады. Арам өлген мал мен құстың, шошқаның етін немесе қанды өнімге пайдалануға рұқсат етілмейді. Сондай-ақ, «Халал» белгісі бар кез келген өнімге қосылатын шикізат халал стандарт талаптарына сай болуы қажет» деді «Халал Даму» ЖШС-ның директоры Бейбіт Марзагелдиев.
Ал, таза өнім шығарып, халал индустрияның дамуына үлес қосып отырған «Ансар Халал» кәсіпорынының директоры Асқар Төлеуханұлы қоғамға адал өнім ұсынып, ел игілігіне қызмет қылуға қуанатындығын айтады.
«Біздің компания 2006 жылы, халықтың өткен тарихындағы жақсы дәстүрлеріміз, әсіресе рухани жетістігіміз қайта салтанат құруға тиіс деген кезеңде өмірге келді. Ол уақытта халал өнімдері аз болатын. «Ас-адамның арқауы» дегенді ескеріп «Халал» стандарты бойынша ет өнімдері мен жартылай дайындауды қажет ететін азық-түлік өндіру идеясы ойымызға келді. Еңбек бар жерде игілік бар. Қазір біз халал индустрияның дамуына қомақты үлес қосып отырған республикамыздағы алғашқы компаниялардың бірі екендігімізге қуанамыз» дейді кәсіпорын директоры.
Тексеріс барысында «Халал Даму» ЖШС-ның директоры Бейбіт Мырзагелдиев халал өнім құрамына стандартқа сай келмейтін қоспаларды шикізат ретінде пайдалануға болмайтындығын ескертті.
Сонымен бірге, кәсіпорынның жауапты бақылаушысы Батырбек Асылбеков қызметкерлерге дәріс өтті. Дәріс халал өнімдерге қатысты шариғи талаптар мен халал өнімді стандарттаудың өзекті мәселелеріне арналды. «Ансар Халал» кәсіпорынының қызметкерлерінің білімін жетілдіру мақсатында өткен дәрісте маңызды мағлұматтар ортаға салынып, мамандар кеңесі берілді.
ummet.kz-ақпарат