«Нұр-Мүбарак» университетінде Құранды жатқа оқудан қыздар арасында республикалық жарыс басталды, деп хабарлайды ҚМДБ баспасөз қызметі.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен алғаш рет өтіп жатқан сайысқа өңірлердегі іріктеу турларынан үздік шыққан 160-тан аса үміткер қатысуда. Олардың ең жасы 7 жаста болса, ең үлкені 54 жаста. Жарысқа қатысушылардың Құранды жатқа айтуы мен оқу қырағатына мән беріліп, тәжуиді мен көркем оқу қабілеті бағаланады. Сондай-ақ оқыған аяттарының мағынасы (тәпсірі) сұралады.
Бас мүфти игі шара барысында жұртшылықты қыздар арасындағы І республикалық Құран жарысының ашылуымен құттықтады.
«Бүгін, міне, елімізде тұңғыш рет қасиетті Құран жаттаушы қыздарымыздың арасында республикалық бәйгенің тұсауын кесейік деп отырмыз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сендердің ең жақсыларың Құранды үйреніп, оны өзгелерге үйреткендерің», – десе, халқымыз «Қыз бала тәрбиесі – бүкіл ұлт тәрбиесі», – деген. Демек, сіздердің әрқайсыларыңыз бір-бір медресе, академияның қызметін арқалаған, отбасының берекесін келтіруші аманат иелерісіздер. Сондықтан, бүгінгі қасиетті Құран сайысына сәттілік тілеймін. Алла Тағала жар болсын!» деді Ержан қажы Малғажыұлы.
Құранның 1,2,3,5,10 паралары бойынша өтіп жатқан сайы екі күнге жалғасады. «Ummet» қоғамдық қорының қолдауымен жүлде қоры – 3 500 000 теңге.
Сонымен қатар, айтулы шараға Нұр-Мүбарак университетінің ректоры доктор, профессор Жуда Абулғани Басюни, «Нұр-Мүбәрак» ислам мәдениеті университетінің проректоры Шамшидин Керім, Алматы қаласының бас имамы Нұрбек Есмағанбет, ҚМДБ діни білім және ғылым бөлімінің меңгерушісі Бақтыбай Бейсенбаев қатысты.
ummet.kz-ақпарат