27
Жұма,
Желтоқсан

һижри

Әйел мәртебесі әспеттелді (ФОТО)

Ел іші
Жарнама

Бүгін Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бірлесіп, «Зайырлы мемлекет және дін қатынастары дәстүрлі рухани құндылықтар аясында» атты оқыту семинарын бастады. Еліміздегі мұсылман әйелдері ұйымдарының, жоғарғы оқу орындары жанынан құрылған «Қыз Жібек» клубтарының жетекшілері мен мүшелері, ҚМДБ құрамындағы діни сауат ашу курстарының және діни білім беру мекемелерінің оқытушыларықатысқан шара ертеңге дейін жалғаспақ.

Өскелең ұрпаққа рухани-өнегелік тәрбие берудегі, дәстүрлі және отбасылық құндылықтарды нығайтудағы әйелдер рөлін арттыру мақсатындағы жиында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытында әйелдер қоғамдық ұйымдарының қызметін жандандыру да сөз болды.

Семинардың ашылуында Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин мен ҚМДБ наиб-мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы «Отбасым» ұлттық құндылықтар орталығының төрайымы Шолпан Сыздықова мен Дін мәселелерін зерттеу жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры Айнұр Әбдірасылқызы сөз сөйлеп, қатысушылардың жұмысына сәттілік тіледі.

Басқосуда Дін істері комитеті басшылығы мен қызметкерлерінің, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия өкілдерінің, ҚМДБ мамандарының, білікті сарапшылар мен дінтанушылардың әртүрлі тақырыптағы баяндамалары тыңдалды. Сонымен қатар, гендерлік саясаттың негізгі бағыттары және қазіргі қоғамдағы әйел мәртебесі, мемлекеттік-конфессиялық қатынастардың негізгі ұстанымдары, исламдағы дінаралық диалогтың рөлі және ханафи мәзһабының негізгі бағыттары, қазақ рухани қайраткерлерінің діни-философиялық көзқарастары, радикалды діни ағымдардың идеяларына қарсы іс-қимыл, дәстүрлі рухани құндылықтарды жаңғырту және өнегелік, отансүйгіштік тәрбие берудегі әйел-аналардың рөлі кеңінен талқыланды.

Семинар барысында қатысушылар дәстүрлі рухани құндылықтар мен заманауи озық мәдениетті бойына сіңірген қазақ қыздарының өнегелі буынын тәрбиелеу мақсатында құрылған «Қыз Жібек» клубының қызметімен танысты. Сонымен қатар Орта Азия мұсылман әйелдерінің ІІ форумын Қазақстанда өткізу мәселелерін ақылдасты.

Шара соңында қатысушыларға сертификаттар табысталады.

ummet.kz-ақпарат 

Бөлісу: