Бүгін ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Алматы қаласы ұлт интеллигенция өкілдерінен құрылған «Парыз» пікірталас клубында зиялы қауыммен жүздесті. Бұл жайында ҚМДБ баспасөз қызметі хабарлады.
Айтулы жиынды «Парыз» пікірталас клубы жетекшісінің орынбасары, қоғам қайраткері, саясаттанушы Дос Көшім жүргізді. Алғашқы сөз шымылдығын бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлына ашып, қоғамдағы діни өзекті мәселелер жайлы ойларын ортаға салды. Діни басқарманың бүгінгі таңда атқарып жатқан жұмыстары мен бастамалары жайында кеңінен баяндады.
Сондай-ақ келелі кездесуде ұлт зиялылары қазіргі Қазақстан қоғамының діни ахуалын жіті зерделеудің өзектілігін, дәстүрлі дін мен салт-дәстүр сабақтастығын нығайту жолдарын талқылады. Осыған орай отырыста ғалымдар мен қоғам қайраткерлері түрлі ұсыныстарын ортаға салды.
Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти:
ДІН МЕН ДӘСТҮР БАСТАМАСЫ УАҚЫТ ТАЛАБЫ
«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы соңғы уақытта дін мен дәстүр бастамасын көтерді. Бұл бастама уақыт талабынан туындап отыр. Себебі, кез-келген халықты өзінің төлтума рухани құндылықтары мен ізгі қасиеттері ғана біріктіре алады. Мұны жаңа заман талабына сай рухани құндылықтарымызды жүйелеу деп түсінуміз керек. Әсіресе, дін мен дәстүрдің жас ұрпақ тәрбиесінде алар орны ерекше. Қазіргі жастар өз діни дәстүрлері туралы білім алып, ана тілі мен тарихын, ұлттық мәдениетін біле түссе, нұр үстіне нұр. Осыған орай өз дінін де жеткілікті танып, білген жан өзге діннің жетегінде кетпейді».
Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ, Сүлеймен Демирел атындағы университет ректорының кеңесшісі, филология ғылымының докторы, профессор:
ДІН БІРЛІГІ БОЛМАЙ, ҰЛТ БІРЛІГІ БОЛМАЙДЫ
«Дін бірлігі болмай, ұлт бірлігі болмайды. Дін мен дәстүр елім деген әр адамның ақылына қонымды бастама. Елдің бірлігі діни құндылықтар мен ұлттық құндылықтардың үйлесім табуына тікелей байланысты. Сондықтан, Дін мен дәстүр бастамасын қоғамды біріктірудің өте тиімді жолы деп есептеймін».
Ықылас ОЖАЙҰЛЫ, Астанадағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы, ақын:
ДІНДІ ТЕОЛОГИЯЛЫҚ ІЛІМІ БАР ҒАЛЫМДАР АЙТСЫН
«Дін өрмекшінің торындай өте нәзік мәселе екенін білеміз. Дінді тек теологиялық ілімі немесе академиялық білімі бар адам ғана айтуы керек еді. Ал, қазір дін әмбебап тақырыпқа айналды. Дін туралы журналист те, саясаткер де, экономист те, әртіс те өз ойын айта беретін болды. Бұл дін жайында сауатты, салауатты қоғамдық пікір қалыптасуға кедергі жасайды. Тағы бір айта кететін мәселе зиялылар қауым кешегі атейстік әсерден болар, дін жайлы білімі: «осылай шығар», «осылай ойлаймын» дегеннен аса алмай жатады. Керісінше зиялы адамның діни жүйелі білімі болуы керек деп есептейміз».
Аманхан ӘЛІМҰЛЫ, «Ақиқат» журналының бас редакторы:
ЗАЙЫРЛЫЛЫҚ ПЕН ИМАНДЫЛЫҚТЫ ТҰТАСТЫРСАҚ ҚАНА ОЗЫҚ МЕМЛЕКЕТ БОЛАМЫЗ
«Адамзат тарихына қарасақ дін мен мемлекет тұтас болған. Құранда да басты құндылық адам, конституцияда да басты құндылық адам. Ендеше, мемлекеттің дін ісіне араласуының жай-жапсары қандай? Неге рұқсат, нені тиімсіз деп қарауымыз керек? - деген сияқты сауалдар бар. Әсілінде зайырлы қоғамда дін мемлекеттен шеттетілсе де, қоғам өмірінен бөлінбеген. Әлемдегі бүліктердің барлығы осы бөліп тастаудан шыққан. Сондықтан, дін мен мемлекеттің ара қатынасын қайта қарауымыз керек сияқты. Бұл ислам мемлекетін құруымыз керек деген ой емес. Керісінше зайырлылық пен ислами имандылықты тұтастырсақ қана ең озық мемлекет боламыз. Ислам діні имандылыққа тәрбиелесе, мемлекетімізде халықты ізгілікке тәрбиелейді, елде тыныштық пен бейбітшілік болғанын қалайды. Олай болса дін мен мемлекет неге бөлек болуы керек? Бүгінгі зиялы қауым осы мәселені көтере білуі керек деп ойлаймын».
ummet.kz-ақпарат