Сыр өңірінің бас мешітінде қала және аудан мешіттері имамдарының кеңейтілген жиыны өтті. Қызылорда облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлының төрағалығымен өткен жиында ҚМДБ төралқа мәжілісінде талқыланған бірқатар мәселелер көтеріліп, 2021 жылдың жұмыс жоспары пысықталды.
Болатбек Ұласқанұлы имамдарға Діни басқарма бекіткен ақпарат және қоғаммен байланыс, уағыз-насихат, қайырымдылық, оқу-ағарту және кадрлық әлеует, рухани тәрбие Ихсан ілімі, дін мен дәстүр, жат діни ағымдармен жұмыс бағыттарын толық таныстырды. Сондай-ақ бөлімдер бойынша түрлі форматта іс-шаралар ұйымдастыру арқылы қарқынды жұмыстар жүргізу қажеттігін алға тартты.
Сонымен қатар ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай атқарылатын Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамаларына үлес қосуға шақырды.
Жиын соңында Бас имам мешіт қызметкерлері 2021 жылда да ел игілігі үшін жоғары деңгейде жүйелі жұмыс жасайтынына сенім білдіріп, жұмыс жоспарының нәтижелі атқарылуын тапсырды.