01
Жұма,
Қараша

һижри

Отанды қорғау – қасиетті борыш

Отанды қорғау – қасиетті борыш

Ел іші
Жарнама

Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Барлық мақтау Аллаға тән.

Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болсын!

Құрметті бауырлар!

Баршаңызды Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – әр ер азаматтың патриоттық сезімін оятатын, Отанды қорғау жауапкершілігін арттыратын маңызды мереке.

Әр отбасына береке, әскери саладағы ұландарымызға мықты жігер, жастарымызға қажыр-қайрат тілеймін. Мереке құтты болсын!

Мереке тек тойлаумен өлшенбейді. Ойлау – ел игілігі жолында  қадам жасаудың алғышарты.

Көрнекті ақын Мұхаметқали (Мұқағали) Мақатаевтың:

«Оңай сөз ғой «Отанды сүйем» деген,

Не тындырдың «басымды иемменен?» – деп, ой тастауы тегін емес.

Бүгінгі саналы ұрпақтың санасында «Отанға қалай қызмет етсем екен?» деген сауал жаңғырып тұрса игі.

«Отанды сүю – иманнан», –  деген аталы сөз бар. Иманды адам өз елінің нағыз патриоты бола алады.   

Отаншылдық сезім Отанға, туған еліне, оның тіліне, туып өскен жеріне, салт-дәстүрі мен мәдениетіне деген құрметтен басталады.

Отаншылдықтың мәйегі – ұлтты сүю. Өз ұлтын, елі мен жерін сүйіп, оның дамуына қызмет етіп, жанашырлық танытқан жан ғана отаншыл бола алады. Отаншылдық сана халықтың өз ана тілін, ділін, дінін берік сақтауымен және оны мақтан тұтуымен өлшенеді.

Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасиетті хадис-шарифінде Меккені меңзеп: «Сен мен үшін сондай қымбатсың, сүйіктісің...» деп, өзінің туған жеріне айрықша сезімі мен сүйіспеншілігін білдірген.

Асыл дінімізде мұсылман баласының өз Отанын, отбасын, ар-намысын, мал-мүлкін қорғау қасиетті амалдардың қатарына жатады. Тағы бір хадисте Отанды қорғап, шекара күзеткен адамның Алла алдындағы дәрежесі артатыны баяндалған.

Ислам – тек құлшылықтардан ғана құралған дін емес. Дініміз Отанды қорғап, елді сүюге, бейбіт, ізгі қоғам құруға үндейді. Отаншыл адам сөзімен ғана емес, ісімен де үлгі-өнеге болуы тиіс. Осы ретте Әйтеке би бабамыздың: «Өмірім – халықтікі...» деген нақыл сөзінің тәрбиелік мәні зор. 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы имамдар форумында қабылдаған «Жеті рухани қазық» Тұғырнамасында әр азаматтың бойынан табылуы тиіс отаншылдық сипатты айрықша атап өтті. Өйткені, Отанды қорғау – қасиетті борыш, отаншыл болу – ізгі амалдың бірі. 

Құрметті қауым!

Отан қорғаушылар мерекесі құтты болсын! Алла Тағала елдің ертеңін ойлайтын, халыққа аянбай қызмет ететін, Отанын қорғайтын асыл азаматтардың қатарын арттырғай.

Жаратқан Иеміздің сыйға берген Тәуелсіздігіміз бен киелі Отанымыздың болашағы баянды болғай! Әрқашан еліміз аман, жеріміз тыныш болсын! Әмин!

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти.

Бөлісу: