12 наурыз. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – Бүгін Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен ҚМДБ бас кеңсесінде Ғұламалар кеңесінің онлайн мәжілісі өтті, деп хабарлайды ҚМДБ баспасөз қызметіне сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
Мәжілісте коронавирус індетіне байланысты бірқатар мәселелер талқыланды. Сонымен қатар жұқпалы дерттің алдын алу, сақтық һәм қауіпсіздік шараларын жүзеге асыру, мешітте дезинфекция жұмыстарын жүргізу, т.б. мәселелер сөз болды.
Ғұламалар кеңесінің мүшелері коронавирусқа байланысты жұма намазын тоқтату туралы қоғамда туындаған сауал төңірегінде пікір алмасты. Дін қызметкерлері бұл сауалға қатысты өз пікірлерін білдіріп, жұма намазын тоқтатуға қажеттілік жоқ екенін алға тартты. Бұл мәселеге қатысты ҚМДБ мәлімдемесі жариялау туралы шешім қабылданды. Мәлімдеме жуық арада ҚМДБ-ның ресми сайтында жарияланбақ.