12 наурыз. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – Қазақстанның орта білім беру мекемелерінде коронавирустың тарауына байланысты 16 наурыз - 5 сәуір каникул болады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
«ҚР президентінің нақты тапсырмасы бойынша 13 наурыздан бастап бұқаралық мәдени іс-шаралар өткізілмейді. Сауда, вокзал сияқты көпшілік орындарда санитарлық жұмыстар күшейеді. Орта білім беру мекемелерінде 16 наурыз - 5 сәуір аралығында каникул болады», - деді премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов.
Айта кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус пандемиясына қатысты мәлімдеме жасады.
«ДДСҰ коронавирусты пандемия деп жариялады. Үкімет арнайы алдын алу шараларын қолға алады. Қоғамдық іс-шаралар уақытша тоқтатылады. Азаматтар азық-түлікпен және ең қажетті тауарлармен үздіксіз қамтылады. Шағын және орта бизнес зардап шекпеуі тиіс», - деп жазды Тоқаев Twitter желісіндегі парақшасында.
Еске салайық, мұның алдында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаңа коронавирусты пандемия деп жариялады. «Біз COVID-19-ды пандемия ретінде сипатталуы мүмкін деген бағалауға келдік», - делінген еді ұйымның Twitter-дегі парақшасында.