4 наурыз. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – Павлодарлық Әйтім Құсайыновтың оңалту орталығына деген сұраныс артып келеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтына сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
Құсайынов Әйтімнің жеке кәсібін ашуға көмектесіп, демеген өзінің анасы. Орталықтың негізгі жұмысы да осы кісінің мойнында. Роза Құсайынова дертке шалдыққан балаларға түрлі массаждар жасайды. Ал Әйтім мүгедек жандарға арнап тренингтер өткізеді. Бүгінде орталықтың танымалдылығы артып келеді.
«Әйтім тоғыз жасқа дейін жүрген жоқ. Дәрігерлер «балаңыз өмір бойы осылай өтеді» деді. Дәрігер айтты екен деп, баламнан бас тартпаймын ғой. Ұлымды аяқтан тұрғызу үшін медицинадағы білімімді одан әрі жетілдіруді жөн көрдім. Себебі Әйтімнің интелектісі өте жоғары екенін жақсы білемін. Сөйтіп, медицинаның мүлдем басқа саласында жұмыс істесем де, ұлым үшін алдымен массаж жасауды үйрендім. Астанаға барып, емдік дене шынықтыруды, яғни ЛФК-ны меңгердім. 45 жасымда логопед-дефектолог мамандығына оқуға түстім. Жұмыс барысында өте қиын жағдайға душар болған балаларды көріп, шүкір етемін. Қазір он екі мүшесі сау адамдар да өмірден түңіліп, баз кешіп жүреді ғой. Әйтімнің бойында мінез бар. Ерік-жігері мықты. Оны алға жетелейтін де осы қасиеттері», – дейді Роза Құсайынова.
Әйтім Павлодар қаласындағы Инновациялық Еуразиялық университетін тәмамдаған. Жоғары оқу орнын бітірген соң, «үйде отырып қалмау керек» деген оймен жұмыс іздейді. Ал мүмкіндігі шектеулі жанға жұмыс табу қиынның қиыны. Соған қарамастан, үмітін үкілеп Павлодар қаласындағы Жастар бастамаларын қолдау орталығына келеді.
«Директоры өте тамаша адам екен. Әңгімемді тыңдады. Сөзге келмей, жастарды жұмыспен қамту жөніндегі инспектор ретінде жұмысқа алды. Дәл осы жұмыс өмірге деген құштарлығымды одан әрі арттырды. Жұмыс барысында мүмкіндігі шектеулі жандармен жиі ұшырасатынмын. Көбінің көзінде от жоқ. Өмірден түңілген. Осындай жандардың ел қатарлы жүріп-тұруына, еңбек етуіне үлес қосқым келді. Сол себепті анам Роза Құсайынованың ерекше қолдауымен мүгедек балаларға арналған оңалту орталығын ашуды қолға алдым. Бұл өте үлкен жауапкершілік, әрине. Мен осы жауапкершілікті арқалауға бекіндім», – дейді Әйтім.
Әйтім мүмкіндігі шектеулі жандарға реабилитациялық көмек көрсету жобасын әзірлеп, «Самұрық Қазына» қорынан 500 мың теңге көлемінде грант ұтып алады. Бұл сома орталықтың бастапқы шығындарына жұмсалады. Бүгінде орталықта күніне 10 балаға ем жасалады. Атап өтерлігі, орталықтың жұмысына Ресей, Өзбекстан елдерінен де қызығушылық танытатындар жоқ емес. «Мүгедектік адамның ой-санасында ғана болады. Кемшілігім бар деп кері тартуға болмайды. Өмірдің кез келген белесін бағындыру адамға ерекше ләззат сыйлайды. Бастысы, іркілмей, қадам жасау керек. Мейлі, мүгедек болсаң да», – дейді Әйтім Құсайынов.