2 желтоқсан. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – Алматы қаласындағы Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы аясында «Ұлы Даланың ұлы есімдері: жастарды патриоттық тәрбиелеудің ғылыми-теориялық және зерттеу мәтініндегі практикалық қырлары» атты жас тарихшы ғалымдардың VІІ Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті, деп хабарлайды институттың баспасөз қызметіне сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
Халықаралық конференцияға ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, т.ғ.д., профессор Зиябек Қабылдинов пен Қазақстан Республикасының «Tuǵurul han – oń han» корпоративтік қоры, Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Асылхан Игбаев арнайы қатысып құттықтау сөз сөйледі.
Конференция жұмысына Беларусь, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан мемлекеттерінің Жас ғалымдар кеңестерінен делегациялар, отандық ұйымдары – ҚР Президентінің Архиві, Алматы, Нұр-Сұлтан, Семей, Өскемен ққ. ҒЗИ, сонымен қатар қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері, докторанттар мен магистранттар қатысты.
Іс-шара аясында «Е. Бекмаханов атындағы сыйлық» атты республикалық байқаудың қорытындысы шығарылды. Комиссия шешімімен 4 жұмыс үздік деп танылды. «Tuǵurul han - oń han» корпоративтік қоры «Жастар жылына» орай жүздік жас ғалымдарға қаржылай қолдау көрсетіліп, арнайы степендия берді. Байқау үздіктеріне жеке-жеке 300, 150, 75 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықтар берілді.
Сонымен қатар, «Үздік жас тарихшы» атағының қорытындысы шығарылды – Тарихнама, деректану және заманауи методология бөлімінің ғылыми қызметкері Б.Б. Бұрханов жеңімпаз атанды.
Пленарлық және секциялық отырыстар өткізілді, онда 35 ғылыми баяндама тыңдалды, көлемі 25 п. б. материалдар жинағы шығарылды, онда 100-ден астам ғылыми мақалалар жарияланды. Бұл іс-шара республикалық БАҚ беттерінде («Қазақстан» телеканалы және т.б.) жарық көрді. Конференция соңында қонақтар үшін мәдени бағдарлама ұйымдастырылды («Ғылым ордасы» РМК музейлеріне, ҚР Орталық мемлекеттік музейіне экскурсиялар, сонымен қатар Көк-төбе қаласына сапар).
Конференцияның мақсаты қазіргі заманғы тарих ғылымының өзекті мәселелерін талқылау, оның ішінде ғылыми зерттеулердің тұлғатану бағытын дамыту, «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасы бойынша нәтижелерін көпшілікке тарату, өскелең ұрпаққа патриоттық және адамгершілік тәрбие беру болды.