25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Сарыағашта сәулеті ерекше 10 мың орындық мешіт ашылды (ФОТО)

Сарыағашта сәулеті ерекше 10 мың орындық мешіт ашылды (ФОТО)

Ел іші
Жарнама

30 қараша. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – Қасиетті жұма күні Түркістан облысы Сарыағаш қаласында сәулеті ерекше мешіт ашылды, деп хабарлайды muftyat.kz сайтына сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.

Алла үйінің ашылу салтанатына Түркиядан келген мәртебелі мейман Нежметтин Ердоған Біләл, Шешенстан Республикасы басшысының кеңесшісі Амруддин Эдилгерев, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз, Өзбекстан мүфтиі Османхан қажы Әлімов, Қырғызстан мүфтиі Мақсатбек қажы Тоқтамушов, бұрынғы мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, бірінші наиб мүфти, Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы, наиб мүфти Ершат қажы Ағыбайұлы, ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев, т.б. дін қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері және жамағат қатысты.

Құран аятымен ашылған салтанатты шарада сөз алған Бас мүфти Серікбай қажы Ораз адам өмірінде мешіттің алар орны туралы насихат айтты.

"Біз тасымызды түртіп қалсаң, тарих тұнған киелі байтақ жердің иесіміз. Осынау киелі кең далада мешіт салып, рухани құндылықтарымызды насихаттап келеміз. Осының бәрі Алланың қалауымен тәуелсіздігіміздің арқасында жүзеге асуда. Ғұламалар: "Мешіт – өмір ішінде, өмір – мешіт ішінде", - деген. Демек, мешіт пен өмір – егіз ұғым. Біздің өміріміз мешітпен байланысты.

Адамның жүрегі құлшылық үйінде жай табады. Онда қаншама уақытымызды құлшылықпен өткіземіз. Бауырды бір-бірімен қауыштырып, өзара имандасатын мекеніміз – мешіт. Елдің игілігі үшін жасалатын қайырымдылық пен ізгі істер де Алланың үйінде жүзеге асады. Жабырқаған жанның мейірімге бөленетін мекені де – мешіт.

Сәби дүниеге келген сәтте оған азан шақырылып, ат қойылады. Ол мешітте тәлім алып, ер жеткенде некесі қиылады. Отбасылық өмірде кездесетін түрлі сынақтар мен сауалдардың жауабы һәм пәтуасы осы мешіт пен имамның араласуымен жүзеге асады. Сондықтан, мешіт салу – сауабы мол сауапты іс", - деді Серікбай қажы Сатыбалдыұлы.

Бас мүфти шетелден келген қонақтарға алғыс айтып, мешітті салып берген азаматтарға ерекше ілтипаты мен жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар, игі іске ұйытқы болған Смановтар әулетіне ризашылық білдірді.

Айта кетсек, Сатыбалды Әбішұлы атындағы Ислам орталығында бір мезетте 10 мың адам құлшылық ете алады. Мешіт ішінде медресе-колледж шәкірттеріне арналған 29 сынып бар. Орталықта 600 бала дәріс тыңдай алады. 69 жатын орынды қамтыған орталықта 1000 адамға арналған асхана салынған.

Ислам орталығының ашылу рәсіміне жер-жерден 10 мыңға жуық адам жиналды.

1122

1122

1122

1122

1122

1122

1122

1122

1122

1122

1122

Бөлісу: