Түркияның Ыстамбұл қаласында екі күнге жалғасқан «Дүниежүзілік ислам ғұламаларының жоғары кеңес саммиті» қорытындыланды.
Халықаралық жиынға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы, мұсылман елдерінің бірқатар мүфтилері мен дін ғалымдары қатысты. Саммиттің пленарлық отырысында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы баяндама жасап, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Палестина мәселесіне қатысты ұстанымын жеткізді әрі әлем халқына тыныштық пен бейбіт заман тіледі.
Айта кетейік, 13-14 мамыр күндері өткен халықаралық басқосуда мұсылман әлемінің қазіргі таңдағы өзекті мәселелері, соның ішінде Палестина мұсылмандары, Ғазза тұрғындарының қазіргі жағдайы кеңінен талқыланды. Саммит қорытындысында делегаттар Үндеу қабылдады.
Сондай-ақ дәл осы саммитке қатысушы делегаттарды Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған арнайы қабылдап, қонақасын берді.