25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Отбасы бақытына апаратын отыз жол: 2 - Жанашырларыңмен ақылдасу және истихара намазын оқу

Исламдағы отбасы
Жарнама

Жанашырларыңмен ақылдасу және истихара[1] намазын оқу

Алланың елшісі () былай деді: «Кім истихара дұғасымен Алла Тағалаға жалбарынса еш түңілмейді, кім кесетін болса еш өкінбейді және кім малын үнемдесе кедейлік өмір кешпейді»[2].

Жігіт те қыз да бір-бірін таңдау барысында, ең алдымен, екінші жақты танитын тәжірибесі бар салиқалы адамдармен, таныстарымен ақылдасуы қажет. Мұның нәтижесінде істің егжей-тегжейі айқындала түседі, егер жарасып жатса қосылып, жараспай жатса қосылмайды, ал бұл салада тәжірибеден жұрдай және екінші жақты жақсы танымайтын адамдармен ақылдасатын болса, ол өз отбасының болашағын қатерге ұрындырары сөзсіз.

Мұнан кейін Алла Тағалаға жалбарынады, екі рәкат истихара намазын оқып дұға етеді. Өйткені адамның дүниесі мен ақиреті үшін қандай істің жақсы және қандай жардың қайырлы екенін тек қана Алла Тағала біледі.

Жәбир, Алла Тағала оған разы болсын, былай деген еді: Алланың елшісі () құран оқуды үйреткені секілді бүкіл істерімізде истихара оқумызды да үйретіп, бізге былай дейтін: «Сендерден біреу бір іспен мазаланған болса, парыздан бөлек екі рәкат намаз оқып,  кейін мына дұғаны айтсын: «Алла Тағалам, біліміңе сай сәттілікке жолықтыруыңды сұраймын, құдіретіңе сай жақсы тағдыр жазуыңды тілеймін және орасан зор кеңшілігіңнен сұраймын, өйткені Сенің құдіретің (әр нәрсеге) жетеді, ал менің шамам жетпейді және Сен (мен үшін ненің жақсы екенін) білесің, ал мен білмеймін, әрине, Сен - өткен және болатын құпиялардың бәрін білушісің! Алла Тағалам, Сенің біліміңде бұл іс дініме, өміріме және соңғы сағатыма жақсылық әкелетін болса, (ерте ме кеш пе,-деді ол) дереу оны тағдырыма жаза көр, іске асуын жеңілдетіп, оны маған берекелі ете гөр! Ал Сенің біліміңде бұл іс дініме, өміріме және соңғы сағатыма жамандық әкелетін болса, (ерте ме кеш пе,-деді ол) оның бетін менен аулақ етіп, мені де одан аулақтата көр, сондай-ақ жақсылықты қайда болса да тағдырыма жазып, мені онымен қанағаттандыра көр» - деп, бұйымтайын айтсын, - деді[3]

Дайындаған: Берік Үйсінбаев
muftyat.kz


[1] Истихара дегеніміз Алла Тағаладан жақсылық тілеу деген мағынаны білдіреді
[2] Ат-Табарани жеткізді
[3] Әл-Бұхари жеткізді

Бөлісу: