25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Бала ата-анасынан екі түрлі тәрбие көрмеуі керек

Бала ата-анасынан екі түрлі тәрбие көрмеуі керек

Исламдағы отбасы
Жарнама

Үлкендері бір-бірімен тонның ішкі бауындай өте жарасымды жақын сыйласатын жанұяларда бала өз-өзіне сенімді болып өседі. Ал, әке-шешелерінің бір-бірімен ұрсысып, бастары піспей, қажасып, оны балаларынан да именіп, жасырып жатпайтын жанұяларда бала керісінше қорқақ, өзіне деген сенімі аз, ынжық, жалтақ болып өседі. Әке-шешенің бақытсыздығы баланың да сағын сындырады.

Ата-аналар балаларының көзінше қырық пышақ болып ұрсыспағаны жөн. Әке-шешенің бірі балаға жұмсақ қарап, екіншісі қатал қараса, бұл да балаға жағымсыз әсер етеді. Бұл жайт бала бойында бір қалыпты деңгейде қалыптасып келе жатқан ішкі сезімдерінің ауытқуына себеп болады. Балаға әке-шешесінің екі түрлі қарауы оны өтірік айта салуға, екіжүзділікке итермелейді, батылын азайтып, қабілетін төмендетеді.

Бір мұғалім досым дәл осы «Әке-шешенің баламен екі бөлек қатынаста болуының жағымсыз әсері» тақырыбын зерттеген еді. Соның дөп басқан нәтижелерін алдарыңызға ұсынып отырмын: Мұғалімнің өз сыныбындағы бір оқушыны зерттегендегі көз жеткізгендері: «Шешесі мектепте де оқымапты. Әкесінің 9 сыныптық білімі бар екен. Апасымен бір үйде тұрады. Т. мектептегі секілді үйде де өте тыныш, көңілсіз. Маңайында болып жатқандарға самарқау ғана көз салады. Біреулермен бірдеңеге қызылкеңірдек болып таласқанын көрмейсің. Жүргізген сауалнама бойынша сыныптағы ең ұялшақ, ең тыныш оқушы болып шықты.

Шешесінің өте кірпияз қаталдығы, баласының әрбір артық қимылын қалт жібермей қадағалап отыратындығы, баланы тәрбиелеуде әке-шешенің бір-бірімен талас-тартысы, апасының бір бітпейтін жоқшылық зарының әсерінен бала өте жасық, жасқаншақ болып өскен. Қашан не істеу керектігін өздігінен біле алмайтын, тек қана біреудің нұсқауымен қимылдайтын күйге түскен.

Т.нің мұғалімі ретінде оның бір жадырап күлгенін, не жылағанын көрген емеспін. Неге қуану керектігін, неге ренжу керектігін өзі де білмейтін секілді. Меніңше, оның бұл жағдайға түсуіне әкесінің айтқанын шешесінің қате деп, шешесінің айтқанын әкесінің жоққа шығарып отыратындығы, ешуақытта екеуінің сөзінің бір жерден шықпай ит пен мысықша ырылдасушылығы себеп болған. Т. Дүниеге келмей тұрып отбасы өмірінің жайма-шуақ қалыпта болғандығы мен Т. өмірге келген соң, отбасының бар кикілжіңдері басталғандығын әке-шешесінің маңайға мұң шаққандай қылып айта беретіндігі де – ең бір қынжылтатын жайт.

Ел көзінше бір-бірімен ұрсыса беретін әке-шешенің бір-біріне деген сезімдері барынша салқындаған. Достарымен араласуы да өте нашар. Біреумен достаса қалса, көп өтпей-ақ, оның шашынан жұлып, жайсыз түрткілеп, итеріп, әйтеуір, өзінен алыстатып алғандығын байқамай қалады. Бұндай әрекеттер оның ақыл-есінің кемістігінен болып жатқан жоқ, неге десеңіз оның бар ойлау қабілеті, ой жүйріктігі өзге балалардан еш кем емес. Оған тесттегі 35 сұрақтың 34-не дұрыс жауап бергендігі куә.

Т.ның бір жақсы көретін адамы ол – мұғалімі. Өйткені өздеріне көнбей қойған кезде үйіндегілердің бірден мені іздейтіні бар. Мектепке келе бастағаннан бастап, Т.ның біраз қылықтарын түзеткендігін байқадым. Алғашқы кездері жиі-жиі ауырып, сабаққа да келмейтін. Үйіндегілер ондайда суық тиіп қалған шығар деп, бірден дәрігерге апарып, анықтама алып беретін. Үйінде барынша күрк-күрк жөтеліп, емханаға жеткенде ғана тыныш табатын баланың мектепте де еш жөтелгенін көрген емеспін. Соған қарағанда, бала үйіндегі айғай-шудан мезі болып, сыртқа қашатын сияқты.

Бұл жайт, шынында да, ойланарлық әрі таңғаларлық емес пе?!»
Баламен мен де жүздестім. Мұғалімнің айтқанындай-ақ, өте тыныш, томаға-тұйық екен. Бір жағы мені бөтенсігендікі ме одан әрі қысыла түсті. Балаға өз үйінің суретін салғызғанымда ол жайлы ешқандай әңгімелесудің де қажеті болмай қалды. Өйткені, салынған суретте оның бәрі тайға таңба басқандай өте анық көрініс тапқан еді.

Суретке қарап тұрып:
– Неге әке-шешеңді екі бөлек салдың? – деп сұрадым. Ол: – Екеуі бірге болса ылғи да ұрсысып қала береді. Ұрсыспасын деп екеуін екі жаққа ажыраттым, – деп жауап берді. – Ал, өзің неге үйдің сыртындасың? – деп сұрағанымда: – Өйткені, көбіне мен үшін ұрсысады, – деп қинала жауап берген еді.
Баланың әке-шешесімен сөйлескенімде мәселенің мән-жайы тіпті ашыла түсті.

Бала дүниеге келмей тұрып, әке-шешесі бір-бірімен тау-тәтті өте жақсы өмір сүріпті. Отбасындағы бар ұрыс-керіс Т.ның туылуымен басталған көрінеді. Шешесі бұны талай мәрте баласының көзіне шұқып та айтыпты. Әке-шешенің бірі – бала өздігінен оқу керек десе, екіншісі – жоқ оны үйіндегілер күштеп оқыту керек деген екі бөлек ұстанымнан айнымаған. Шешесі өзі мектеп табалдырығын аттай алмай, қара жұмыспен өмір бойы соның ащы дәмін татқандықтан, баласын өзі басқан отты бастырмай барынша күштеп, қинап болса да оқытпақ ниетте. Ал әке болса, «Баланың өз бойында білімге деген құштарлық болу керек» деп қарсы шығуда. Айналып келгенде, ата- ананың баланың оқуы мен тәрбиесіне деген екі кереғар ұстанымға ие болуы, сол үшін бір-бірімен ұрсысып қала беретіндігі балаға қаншалықты кері әсер ететіндігін көрсету тұрғысынан бұл біз үшін өте маңызды деуге тұрарлық.

Міне, сондықтан әке-шеше бірдей пікірде, бір сөзді болуы үшін мен семинар сайын мектептегі жиналыстарға ата-аналардың бірге барып-тұруын айтамын. Өйткені, балаға ықпал ету «ата-ананың ортақ іс-қимылы» арқылы жүзеге асады.
Ата-аналардың мына мәселелерге мұқият болғаны жөн.
– Бір-біріне қолдау білдіру, істі ортақтаса істеу;
– Жоспарсыз, ойластырылмаған, үйлесімсіз әрекетке бармау;
– Баланың көзінше ешқашан да бір-бірінің істерін сынап-мінемеу. Ата-әжелердің қолында өсетін балаларға да өте абай болған жөн.

Неге десеңіз, ата-әжесі немерелерін қатты жақсы көріп, шаң тигізбей мәпелейтін болғандықтан, оларға әбден бауыр басып, ерке-шолжаң болып өскен бала өз әке-шешесін онша тыңдамайтын, сыйламайтын болады.

Қалай екенін қайдам, әкем менің баламды менен де қатты жақсы көретін. Жазғы демалыста үш ай ата-әжесінің қолында ауылда болып қайтатын балам қалаға келген соң, көпке дейін бізге үйрене алмай жүретін. Сөз тыңдамағандығы үшін анасынан ащы шапалақ жеп қалса бірден: «Атама кетем» деп шығатын. Сондықтан, көмек болсын деген ниетпен қолдарына алған баланы ата-әжесінің шамадан тыс еркелетіп, бар айтқанын екі етпеуге үйретуі – бұл тұрғыдан өте зиянды да. Кейде осының салдарынан баланың екі жақты, үш жақты болып өсуі оның өз өміріне де кесірі тиіп жатады.
Осыған орай мынадай бір оқиғаның куәсі болған едім.

Орта мектепте алтыншы сыныпта оқитын бір оқушым өте сотқар, ерке, қиқар болатын. Қай мұғалімімен сөйлессем де, оның сөз тыңдамайтындығын, өз бетінше жүріп тұратындығын, сабақ оқымайтындығын, сыныптағы балалардың да мазасын алып біткендегін айтып шағымданатын. Істің мән-жайын барлап қарағанымызда, ол баланың ата-әжесінің қолында өскенін әрі олардың немерелерін тым еркелетіп жібергендігін білдік.
Иә, бала тәрбиесіне араласқан үшінші адамға да көңіл бөлейік. Бала екі ортада қалып қоймасын. Абай болыңыз!

«Үй менікі демеңіз, үй артында кісі бар» демекші, үйде айтылған әрбір сөзіңізге, әніңізге, әңгімеңізге, қылықтарыңызға өте абай болыңыз. Өйткені, сіздің әрбір сөзіңізді жаттап алып, әрбір ісіңізді айнытпай салатын қасыңызда жүрген «кішігірім магнитафондар» бар. Сізден естіген сөздер оның сөз байлығын жүйелеп, сізден көрген қылықтар олардың өмірлік іс-әрекеттерінің негізін қалайды.

материал «Балам жақсы болсын десеңіз» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: