25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Ғұлама Хатим Әл-Асамнан қалған 8 насихат

Ғұлама Хатим Әл-Асамнан қалған 8 насихат

Ғибратнама
Жарнама

Исламның алғашқы кезеңдерінде өмір сүрген заһидтердің бірі, Хорасаннан шыққан Хатим Әл-Асамның толық аты – Әбу Абдуррахман Хатим ибн Унуан.

Бір күні Хатим Әл-Асамды ұстазы – Шақиқ Әл-Бәлхи жанына шақырып, «Отыз үш жыл жанымда шәкіртім болдың, осы уақыт аралығында не үйрендің?» - деп сұраған екен. Хатим Әл-Асам 8 нәрсе үйренгенін айтады.

«Осынша жыл жанымызда жүріп үйренгенің бар болғаны 8 нәрсе ме?» - деп таңданысын жасыра алмапты ұстазы. «Жақсы, айта ғой» деп рұқсат берген соң шәкірті Хатим Әл-Асам сөйлей жөнеледі.

«Қарасам, бәрінің досы бар екен. Бірақ барлық дос санағандары соңында қабір басынан кері қайтатынын көрген соң, ешбіріне сене алмадым. Өзіме дос ретінде қабірде де жанымнан табылатын – хайырлы амалдарды таңдадым.

Сізден үйренген екінші сабағым: «Кімде-кім күндердің күнінде Раббысының дәргейіне баратынын ойлап, шынымен қорыққан һәм нәпсісін тыйған болса, шүбәсіз, оның ақыр соңында барып паналайтын жері – жәннат болмақ! [79: 40-41]» - деген  Алланың сөздері. Бұл сөздердің шындығында күмәнім жоқ. Сондықтан нәпсімнің уақытша, өткінші қалауларына мән бермей, Алланың әмірлерін әбден бойыма сіңіргенге дейін жеңуге тырыстым.

Байқасам, бәрі қолындағы ең қымбат дүниелерін  сақтап, тықпаштайды екен. Сосын Алла Тағаланың: «Сендердің қолдарыңдағы дүние түгелдей таусылып бітеді. Ал, Алланың құзырындағылар мәңгілік [16:96],»  - деген аятын есіме түсірдім. Сөйтіп өзім үшін ең қымбат нәрселерімнің бәрін жоққа айналмасын деп Аллаға аманат еттім, Оның разылығы жолында жұмсадым.

Адамдардың бәрі мал-мансабына, атақ-даңқына немесе шыққан тегіне байланып, өздеріне сүйеу іздеуде. Бірақ олардың арқа сүйегендері шын мәнісінде түкке тұрғысыз нәрселер еді.  Сосын: «Біле білсеңдер, Алланың алдындағы ең ардақтыларың – ең тақуаларың (яғни Аллаға тағзым етуде, иман келтіруде әрі мойынсұнуда ең алда болғандарың!), [49:13]» - деген аятты еске алдым. Алланың алдында ардақты болу үшін мал мен мансапты емес, тақуалықты таңдадым. 

Адамдардың өзара бітіспей, қырқысып-таласуының, бір-бірін жек көрулерінің себебі қызғаныш екенін түсіндім. «Бұл дүниеде олардың ризық-несібелерін де мына Біз үлестірдік. Сондай-ақ, бірін-бірі жалдап қолдансын деп, біріне-бірі септігін тигізсін деп олардың кейбіреулерінің бақ дәрежесін кейбіреулерінен жоғары қылдық, [43:32]» - деген Жаратқанның сөздерін ақылға салып, несібемнің Алладан екенін түсіндім. Оның бергеніне шүкіршілік етіп, қызғаныш ауруынан бойымды аулақ салып, ешкімге дұшпандық етпедім.

Халықтардың бір-бірімен соғысып, өлтіріп жатқанын көрдім. Сосын Жаратушы Иенің мына сөздерін есіме алдым. «Шүбәсіз, шайтан сендердің қас дұшпандарың. Ендеше сендер де оны өздеріңе бітіспес дұшпан тұтыныңдар. [35:6]» Өзіме шайтаннан басқа ешкімді дұшпан көрмедім.

Байқап қарасам, көбісі бір үзім нан үшін адал-арам деместен әртүрлі қорлыққа көне береді. Ал, Жаратушымыз: «Жер-жаһанда ризығы Алладан келмейтін бірде-бір қыбырлаған тіршілік иесі жоқ [11:6],» - дейді. Мен де жаратылған тіршілік иелерінің бірі болғандықтан рызығыма Алланың өзі кепіл екендігін түсіндім.  Өзім дұрыс деп санағанның бәрін ысырып қойып, Алланың дұрыс дегеніне ден қойдым.

Жұрттың көбі белгілі бір кісіге немесе нәрсеге сенім артып, тәуелділік танытады. Бірсыпырасы байлығына, саудасына, басқа бір бөлігі қабілетіне, қызметіне, ақылына немесе күш-қайратына яғни өздері сияқты өткінші дүниелерге сенім артуда. Сондайда Алланың: «Кім Аллаға арқа сүйеп, тәуекел етсе, оған (қолдаушы һәм медеткер ретінде) бір Алла жеткілікті, [65:3]» - деген аяты есіме түседі. Осылайша тек Аллаға ғана сенім артып, тәуекел еттім.

Мінеки, сізден үйренген сегіз сабағым осы,» - деген екен.

материал «Ғибратты оқиғалар» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: