25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Дұғасы қабыл болған наубайханашы

Дұғасы қабыл болған наубайханашы

Ғибратнама
Жарнама

Ислам әлеміндегі ірі тұлғалардың бірі – имам Ахмад ибн Ханбал. Бір күндері ол кісі сапар шегіп бір қалаға келеді. Сол қаланың мешітіне кіріп құптан намазын оқып, мешіттің бір бұрышына жантая бергенде, күзетші жүгіріп келіп бұл жерде ұйықтауға болмайды дейді.

Мен ұзақтан келдім, түнеп шығайын десе де, күзетші рұқсат етпей, имам Ахмадты мешіттен шығарады. Ахмад сыртқа шығып, мешіттің есігіне сүйеніп, табалдырығында отырады. Күзетші тағы да жүгіріп келіп, бұл жерде де отыруға болмайды дейді. Сонда Ахмад Мен мешіттің ішінде емес сыртында отырмын ғой, сонда да мені қуасың ба дейді. Ол заманда адамдар ғалымдардың атын білгенімен, түрін танымайтын. Әлгі қарауыл одан сайын дөрекілік танытып, имам Ахмадтың екі аяғынан ұстап, сүйреп жолдың ортасына дейін апарып тастайды. Бұл оқиғаны мешітке қарама-қарсы жолдың арғы бетінде нан жауып жүрген бір наубайханашы бақылап тұр екен. Ол далада қалған имам Ахмадқа барып, жататын орның болмаса менің наубайханама кел, мұнда жататын бір кісілік орын бар дейді. Ол наубайханаға кіріп, бос орынға жайғасады. Имам Ахмад әлгі наубайханашының қамыр илеп жатса да, қамырды көмбеге жауып жатса да, отын дайындаса да, тіпті кішігірім қимыл әрекеттерінде де «Астағфирулла» деп айтатынын байқайды.

Имам Ахмад оның ол амалына тамсанып:
- Бұл сөзді қашаннан бері аузыңнан тастамай жүрсің? – дейді. Сонда наубайханашы:
- Үздіксіз айтып жүргеніме біраз жыл болды, – деді. Имам Ахмад сұрағын тағы жалғастырып:
- Осының берекесін сезінесің бе? – деп сұрайды. Сонда наубайханашы:
- Иә, сеземін, әрдайым истиғфарды (яғни Астағфирулланы) айтқан сайын әр ісіме береке кіреді, Алладан не сұрасам, соны береді, – дейді.
- Сұрағаныңның барлығын береді ме? – деп сұрайды тағы да имам Ахмад. Сонда наубайханашы:
- Осы уақытқа дейін барлық сұрағанымды беріп, дұғаларымды қабыл етті, тек бір ғана дұғам әлі жауабын күттіруде, – дейді. Имам Ахмад:
- Ол қандай дұға? - деді таңырқап. Наубайханашы:
- Имам Ахмад ибн Ханбал деген ғалым кісіні бір көрсем ғой деп дұға қылған едім, бірақ ол кісімен әлі жолыққан жоқпын, - дейді. Сонда имам Ахмад ағыл-тегіл жылап:
- Алла сенің бұл дұғаңды да қабыл етіпті. Сен көргің келген сол Ахмад ибн Ханбалды Алла Тағала сенің наубайханаңа екі аяғынан сүйреп тұрып алып келген екен. Мені мешіттен қуып, көшеге шығарған күзетшісі емес, Алла Тағала екен ғой. Сол имам Ахмад менмін, – деген екен.
Бұл оқиға истиғфар етіп, Алладан көп кешірім сұраудың пайдасы жайлы ақпарат береді. Бір ғана «Астағфирулла» сөзі қаншама тілектің орындалуына, қаншама дұғаның қабыл болуына себеп болады.

материал «Дұға өміріңді өзгерт» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: