Әлеуметтік желі – адамдардың бір-бірімен ғаламтор арқылы өзара байланысын қамтамасыз ететін интернет сайт(тар). Әлеуметтік желіні «әлеуметтік медиа» деп те атайды. Жалпы айтқанда, әлеуметтік желі деп ғаламтордағы адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасын айтады. Көпшілік пайдаланатын танымал әлеуметтік желілер қатарында «Facebook», «Instagram», «Google+», «Twitter», «WhatsApp», «ВКонтакте», «Одноклассники» және т.б. бар.
Әлеуметтік желілердің адамға беретін пайдасы – туыстармен, достармен араласып, хат алмасып отырасың, пайдалы видеолар мен ғибратты фото-суреттер көресің. Арнайы парақшалар мен группаларда белгілі бір тақырыпта жаңалықтар оқып, ғылым мен техника, өнер мен мәдениет сияқты салаларға қатысты неше түрлі қызықты мәліметтер біле аласың. Дегенмен, әр нәрсенің пайдасы мен зияны бар екені сөзсіз. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өз дұғаларында Алладан пайдалы білім беруін сұрағанда, сахабалар «Пайдасыз білім де болады ма?», деп таңырқап Алла Елшісінен сұрайтын еді. Ғаламторды игеріп, сайттар мен әлеуметтік желілерді пайдаланған жақсы, егер оны дұрыс жолда қолдана алсаң. Әлеметтік желіні пайдаланушылар өздерінің жазбаларындақателікке ұрынып, мойнына күнә артады.
Әлеуметтік желіні қолданушылардың жиі жасайтын қателіктері төмендегідей:
Өзіңе қатысты емес іске араласпа!
Хадисте Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Адамның өзіне қатысы жоқ пайдасыз істерді тәрк етуі, оның көркем мұсылманшылығының белгісі»[1], – деген. Өкінішке орай, әлеуметтік желі қолданушылар арасында осы хадис көп жағдайда ескерілмейді. Құрылысшы маманы саясатқа кірісіп, инженер медицинаны талқылап, тағы бірі өзге елде болып жатқан ішкі жағдайына қатысты мәселелерді жазып кететіні бар. Мұндай қоғамда іріткі тудыратын жазбаларға басқа қолданушылар да кірісіп кетіп, жағдайдың мән-жайына көз жеткізбей, өзіне қатысты емес болса да, өзінің жеке ой-пікірлерін қосып жазып жатады. Жеке ой-пікір кейде дұрыс, ал көп жағдайда қарама-қайшы, қате болып жатады.
Өз бауырының етін өлекседей жейді
Әлеуметтік желі қолданушылары өз жазбаларында ғайбатқа жол береді. Ислам дінінде ғайбат айту харам етілген іс. Біреудің артынан сөз етуді шариғатта тыйым салынған. Өзгенің іс-әрекеттері, күнделікті өмірі, сыртқы келбеті, жүріс-тұрысына қатысты жағымсыз сөз айту дұрыс емес.Құран Кәрімде Алла Тағала: «Тыңшылықпен айналыспаңдар, бір-бірлеріңді ғайбаттамаңдар! Сендердің біреулерің өз бауырыңның етін өлекседей жегенді ұнатасыңдар ма?! Әрине, жек көресіңдер. Алладан қорқыңдар! Шынында Алла тәубені қабыл етуші, әрі рақымды»[2], - деп ескертеді. Дегенмен, әлеуметтік желілерде біреуді кемсітетін, намысына тиетін жазбалар мен фото-видео материалдардың саны көбеймесе азаяр емес. Біреуді күлкіге айналдырып, оған қатысты түрлі жағымсыз пікірлер жазылып, бір-бірімен жаппай бөлісіп жатады. Бірде Алланың елшісі (с.ғ.с.) сахабаларынан: «Ғайбаттың не екендігін білесіңдер ме?» – деп сұрайды. Сахабалар: «Алла мен Оның елшісі білер», – деседі. Сонда Алланың елшісі (с.а.с.): «Ол – бауырың туралы сыртынан ол ұнатпайтын түрде еске алып айтуың», – дейді. Бір сахаба: «Ал сондай сипат оның бойында болса ше?» – деп сұрайды. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Егер ол сен айтқандай болса, оны ғайбаттаған боласың, ал егер олай болмаса, жала жапқан боласың»[3], – деп жауап береді.
Сөз тасып, өсек айту...
Әлеуметтік желілерде хабардың анық-қанығына көз жеткізбей күмәнді дереккөздер, ақпарат тарататыңдар бар. Олардың іс-әрекеттері тек сөз тасып, өсек-аян айту. Нәтижесінде қоғам арасында арандатушылық, бір-біріне айдап салу, бүлікшілік орын алады. Қоғамға зиян тигізетін мәселелерден басқа, екі адамның арасын бұзуға, жеке бас адамға қатысты құпия-сырларды жария етуге бағытталған кез-келген іс-әрекет шариғатта қатаң тыйым салынған. Алла Тағала: «Ей, иман келтіргендер! Егер пасық адам сендерге бір хабар жеткізсе, анық-қанығын тексеріңдер!»[4],– деп бұйырады. Сондай-ақ «Егер мүмин болсаңдар, Алладан қорқыңдар. Араларыңды түзетіңдер. Аллаға және Елшісіне мойынсұныңдар»[5], – деп ескертеді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) сөз тасушы туралы: «Сөз тасушы жәннатқа кірмейді»[6], – деген. Түбінде, сөз тасып, өсек аятуда еш қайыр жоқ екенін түсінуіміз қажет.
«Кемшіліксіз ел болмайды, кемшіліксіз адам болмайды...»
Ибн Омар (р.а.) жеткізген хадисте: «Алла елшісі (с.ғ.с.): Мұсылман – мұсылманның бауыры. Нағыз мұсылман бауырына озбырлық жасамайды, оны сатпайды. Кімде-кім мұсылман бауырының қажетіне жараса, Алла Тағала да оның қажетін өтейді. Кімде-кім мұсылман бауырының қайғы-мұңын сейілтсе, Алла Тағала оны қиямет-қайымның бір қайғысынан құтқарады. Сондай-ақ, кімде-кім мұсылманның айыбын жасырса, Алла Тағала да қиямет күні оның айыбын жасырады– деп айтты»[7]делінген. Қазір әлеуметтік желі қолданушылар арасында бір-бірінің айыбын әшкерелеп, көпшілік алдында масқара ету әрекеттер кеңінен орын алуда. Шынайы мұсылман өзгенің шалыс басқанына өкініш танытып, оған жеке өзіне қате-кемшілігін айтып, кеңес беріп, шынайы тілекші болары анық. Алайда, әлеуметтік желілерде бір-бірінің айыптарын жұртқа жайып салғандар бұл адамгершлік қағиданы ескермей аттап кетіп жатады.
«...Тозақтан орын дайындай берсін!»
Әсілі, әлеуметтік желіде жанашыр, тәртіпті, үлгілі, адамгершілігі бар қолданушылардың саны да аз емес. Олар өз парақшаларында, немесе арнайы топтар мен парақшаларда ғибратты сөздермен, Құран аяттары және Пайғамбар (с.ғ.с.) хадистерімен бөлісіп жатады. Алайда, өздері дұрыс деп таныған аяттар мен хадистердің мәтіні, не болмаса оның мағынасы шын мәнінде өзгертілген жазбалар болуы мүмкін екенін ескерілмей жатады. Есесіне оны оқып, амал еткен адам сауап іс жасаймын деп, күнә жасауы ықтималы бар. Құран Кәрімде:«Мынау адал, мынау арам» деп ауыздарыңа келген өтірікті айта бермеңдер. Әйтпесе Алланың атынан өтірік айтқан боласыңдар»[8] делінсе, тағы бір аятта: «(Мұхамед (с.ғ.с.) Қиямет күні Аллаға өтірік айтқандардың беттері қап-қара болғанын көресің»[9] делінген. Ал ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадисте: «Кім мен айтпаған сөзді айтты десе, өзіне тозақтан орын дайындай берсін»[10], – деп қатаң ескерткен. Дін тақырыбында таратылған жалған, теріс, бұрмаланған ақпараттардың (мәтіндер, фото-видео материалдар) кесірінен бүгінгі таңда түрлі ағымдар, радикалдар мен экстремистер пайда болды. Сондықтан Алла Елшісі (с.ғ.с.) амалды біліммен жасау керек екендігін айтқан. Қандай да бір аятты, хадисті өзгемен бөліспес бұрын, оның дұрыс-бұрыс екеніне көз жеткізіп, білген соң ғана барып таратқан жөн.
Түйін
Құран Кәрімде: «Сендердің араларыңда мынадай жамағат болсын, олар басқаларды игілікке шақырып, жақсылыққа үндесін. Жамандықтан тыюға тырыссын. Міне, осылар нағыз мақсатына жеткендер»[11] делінген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Араларыңнан кім жамандықты көрсе, оны қолымен түзетсін. Бұған күші жетпесе, тілімен түзетсін. Бұған да күші жетпесе, жүрегімен айыптасын. Бұл – иманның ең әлсізі» деген.Әлеуметтік желіні қолданушылардың басшылыққа алуы тиіс болған қағида – жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю (әл-әмру биль-мағруф уән нахиу әнил-мункәр).Ғаламторды игі жолда пайдаланып, өзіне, өзгеге де пайда келтірмейтін бос сөзден, бос іс-әрекеттен барынша сақтану қажет.
Берікбол Жанақ
ummet.kz
[1]Тирмизи.
[2]«Хужурат» сүресі, 12-аят.
[3]Муслим, Тирмизи, Әбу Дәуіт және т.б.
[4]«Хұжурат»сүресі, 6-аят.
[5]«Әнфал» сүресі, 1-аят.
[6]Бұхари, Мүслим.
[7]Бұхари, Мүслим.
[8]«Нахл» сүресі, 116-аят.
[9]«Зүмәр» сүресі, 60-аят.
[10]Бұхари, Мүслим.
[11]«Әли Имран» сүресі, 104-аят.