Бұл өмірге кімдер келіп, кімдер өтпейді?! Халқына жақсылық жасап, шапағатын тигізген адамдар да, қара басының қамын күйттегендер де бұл жалғаннан армансыз өткен емес. Адамдар алдамшы дүниенің қонағы екенін біле тұра, көп нәрсеге қол жеткізіп, қамтып қалсам деп армандайды. Соған жету үшін біреулер қылмысқа барады, күнәға батады. Бірақ бақилық алдында бәрі бекершілік екеніне бір күні көзі жетеді. Әсіресе, иманын үйіріп, өлім аузында жатқан адамның қысқа ғұмырында жете алмаған арманы, өткенге өкініші, басқаларға жасаған қиянаттары үшін ішкі күйзелісі көп болады. Ұзақ уақыт төсек тартып, хал үстінде жатқан адамдардың өткен өміріндегі өкінішті тұстарын көп ойлап, өзін-өзі іштей жейтіні белгілі. Дәрігерлердің ажалы таянған адамдардан «мына өмірде қандай өкінішіңіз бар?» деген сұрағына олар мынадай бес өкінішпен жауап береді екен.
►Олардың өліммен бетпе-бет келгендегі ең бірінші өкініші – басқалардың айтуымен емес, өз-өзіне сенімді болып, өз қалауынша өмір сүруге батылдығының жетпегені екен. Олар өмірінің аяқталып қалғанын түсінген кезде артына қарайды, қаншама іске аспаған ойлары мен армандары қалып бара жатқанын көреді. Адамдардың басым көпшілігі қысқа өмірінде өзінің игі ойларының тіпті жартысын да жүзеге асыра алмайды, тек ақырет күні таянғанда ғана мұның бәрі өзінің қалауы бойынша болғанын түсінеді. Неге? Себебі, олар өмір бойы өзгелердің пікірімен өмір сүріп келеді. Ал өмірден өз-өзін тапқан адам ғана өзге адамның пікіріне бағынышты болудан арылады. Өзіңді өзің танығаның – парсаттылықтың белгісі. Өзін білмеу және білгісі келмеу – сауатсыздық болар еді. Адамдарды білгің келмеу – жауапсыздыққа тең. Жұрттың теріс пікіріне құлақ аспай, өзгелердің көзқарасымен емес, жүрек түкпіріндегі ізгі нәрсені жасай білген адам – бақытты!
►Олар сосын өмірде өте көп жұмыс істегені үшін өкінеді. Олар балаларының қалай өсіп кеткенін байқамай қалған, әйелдерімен уақытты аз өткізген. Әйел адамдар да бұл туралы жиі айтып, өкінеді. Ер адамдардың барлығы өмірінің үлкен бөлігін жұмыста өткізгеніне өкінеді. Оның орнына отбасына көбірек көңіл бөлгенімде ғой деп кейін қапа болып жатады. «Отан отбасынан басталады» деп жатамыз. Жанұяның береке-бірлігі әр сәбидің, әр баланың болашақ қадамы. Сондықтан, әрбір адам Отанына қызмет жасағаны секілді өз отбасына да солай көңіл бөлуі керек. Өмір бойы қызмет, мәнсап деп жүрген жандар өмірінің соңғы сәті жақындағанда осы бір ісініе өкініш білдіретінін білдік. Ендеше үйіңізге жұмыстан уақытында оралып, отбасыңызды қуанышқа бөлеуді ұмытпаңыз...
►Және адамдар өзінің сезімін басқаларға ашық айтуға батылы жетпегені үшін өкінеді. Көптеген адамдар айналасындағылармен жақсы қатынастарды сақтау үшін өз ойларын ішіне бүгіп қалады. Нәтижесінде, олар өзін шектеумен өмір сүріп, өз ойындағыдай бола алмайды. Сөйтіп олар сары уайымнан, қанағаттанбаушылықтан өзіне ауру тауып алады. Батылы жетпей қалды дегенді үндемей қалумен шатастырып алмаңыз. Айналаңыз мағынасыз сөйлей бастағанда сіз керісінше, оларға үндемей үлгі болыңыз. Ал батылы жетпей, тілін тістеп айта алмай қалу, сезімін білдіре алмау – болашақтан үрейленумен синонимдес. Қандай іс жасасаңызда ең алдымен Аллаға тәуекел етіп барып жасаңыз, өкінбейсіз.
►Өмірде ең жақын достарымен аз араласқаны адамдардың тағы бір өкініші екен. Көптеген адамдар нағыз достарының бағасын төсек тартып қалғанда немесе олардан мүлде адасып қалған жағдайда ғана біледі. Өмірдің ұсақ-түйек проблемаларымен жүріп, ең жақын достарымен қарым-қатынасты үзіп алады. Адамдар өлер алдында жақын достарын қатты сағынып, іздейді. Жақын әрі жақсы дос дегеніміз кім? Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің бір асыл сөзінде жақсы дос пен жаман достың айырмашылығын мынадай мысалмен баяндап береді: «Жаман жолдас пен жақсы жолдастың (айырмашылығының) мысалы әтір сатушы саудагер мен от үрлеуші ұста сияқты. Әтір сатушы саған сыйлық жасауы мүмкін, не сен одан бір нәрсе сатып аласың, тым құрығанда одан шыққан хош иісті сезесің. Ал от үрлеуші ұста сенің киіміңді күйдіреді, күйдірмесе де, одан шыққан жағымсыз иісті сезесің» (Бухари, Муслим) деді.
► «Өзімді бақытты болуға жол бермегенім өкінішті» дейді екен өлер алдында адамдардың басым көпшілігі. Көп адам білмеді. Асылында, Алла Тағала бақытқа жеткізер жолды әлдеқашан анықтап қойған. Ал Оның соңғы Елшісі Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сол жолды нақты сызып көрсетті. Бірде-бір бағдаршам, бірде-бір бұрылыс жасырылмаған. Бұл басшылыққа ерген адам еш күмәнсіз бақытты уысына түсіреді. Кедей болса, Алла оны бақытты етеді. Сырқат болса, Алла оны бақытты етеді. Жалғыз болса, Алла оны бақытты етеді. Қиындығы мен мұңы мың батпан болса, Алла оны бақытты етеді. Бақыт пен бақытқа бастар жолдың арасына ешбір материалдық себеп кедергі бола алмайды. Ендеше адамның бақытқа қол жеткізуі көбіне өзіне, ниетіне, ізгі амалдарына байланысты болмақ.
Иә, бұл өмірден өткен жандардың өкініші. Өлшеулі өмірі алда біз бен сіз сияқты жандарға бұл үлкен сабақ болуы керек...
ummet.kz