26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Семіздік сергелдеңі

Мақалалар
Жарнама

«Қарны тоқ, қайғысы жоқ» елде тұратын халықтың басым бөлігі семіздік дертіне шалдыққан. Бұл орайда АҚШ-тың көш бастап келе жатқаны бірден еске түседі. Ал Батыс Еуропа мамандары қарны қампиған жұртты арықтауға шақыруда.

Өйткені, семіздік сергелдеңі мемлекеттің де басын қатырған шаруаға айналған. Өз бетінше жүріп-тұрудан қалғандар дәрігерлерді, құтқару қызметінің мамандарын жиі шақырып, отбасы түгілі көршілерінің де қытығына тиеді. Ал азаматтардың өз бетінше арықтауға шамасы жоқ. Сондықтан дәрігерлер мен диетолог ма­мандардың араласуына тура келеді. Айталық, британдық Пол Мейсон асқазанын тарылту үшін ота жасатқан. Сөй­тіп, 127 келіге арықтаған. Қазіргi салмағы – 184 келі. Мұның өзі де көптік етеді.

Өткен ғасырдың 80-жылдарынан кейін басталған семіздік дерті қазір ба­лалардың да басын қатырып жатыр. Осының салдарынан түрлі ауру көбей­ген. Мұның барлығын дәрігерлер «тұрмыстың жақсаруынан, тамақ ішу әдетінің бұзылуынан, майлы тағамдардың көбеюінен, қимыл-қозғалыстың азаюынан» деп түсіндіреді. Қалай десек те, қарап отырып ауруға шалдықтырған семіздік сергелдеңі үдеп барады.

Жер бетінде 1 миллиард 600 миллион адам семіздіктен зардап шегеді. Алдағы он жылда бұл көрсеткіш 40 пайызға артуы мүмкін. Тым толып кетуден медицинасы дамыған АҚШ-тың өзінде жылына 248 мың адам көз жұмады (Лондон университетінің ғалымдары жүргізген зерттеулерге сенсек, жер бетіндегі ересек адамдардың жиынтық салмағы 287 миллион тонна болған. Оның 15 миллион тоннасы адамзаттың артық салмағынан туындаған. Осы артық салмақтағы адамдардың тұтынатын азықтығын энергиялық өлшемге сындырып есептегенде, бір миллиард адамды бір жыл азықтандыруға болады екен).

Өкінішке қарай, арық адамдардың азаюы, семіздердің көбеюі жағынан Қазақстан да алға шыға бастады. «Tengrinews.kz» деректеріне қарағанда, елімізде ең толық тұрғындар негізінен, солтүстік аймақта тұрады. Былтыр Солтүстік Қазақстанда 15 жастан асқан тұрғындар арасында семіздік 60,1 пайызды құраған. Етжеңділер тұратын тағы бір өңір – еліміздің орталық аймағы. Мұнда көрсеткіш 57,9 пайызды құраған. Бұдан кейінгі орында 53,8 па­йызбен шығыс өңір тұрса, оңтүстікте 50,2 пайызды құраған.

 

Әрине, мұның барлығы да жақсылықтың нышаны емес. Соңғы екі жылда жүргізілген зерттеулерге 14 018 адам тартылған. Олардың салмағы, бойы өлшеніп, биохимиялық зерттеу жүргізіліп, тамақтану әдеті қадағаланған. Осылайша артық салмақтан арылу жұмыстары да жүргізілген.

Зерттеу көрсеткендей, былтыр сынаққа қатысушылардың арасында семіздік әйелдер арасында – 29,7, ал ерлер арасында 33,9 пайыз болған.

Жалпы, семіздіктің рахатын көрген адам тарихта болмаған. Сондықтан артық салмақтан арылу үшін әлем болып күресіп жатыр. Мысалы, АҚШ-та адамдар диета ұстап, жаттығулар жасап, тіпті отаға да көнеді. Ал Жапония семіз адамдарға арналған «Мандат заңын» қабылдаған. 40 пен 74 жас аралығындағы әйелдердің бел өлшемі – 90, ерлердікі 85 сантиметрден аспауы тиіс. Осы өлшемдерден асып кетсе, диетолог мамандарға арнайы барып, емделеді. Заңды бұзғандарды жергілікті органдар айыппұл төлетуге құқы бар. Дубайда мемлекетті басқарушылар арықтаймын деген адамдарға ақша төлесе, Жаңа Зеландияда мемлекетке артық салмағы бар адамдарға көшіп келуге тыйым салынған. Ал қытайлықтар инемен емделеді.

Ресей тіпті күресті күшейткен. «Денсаулық» хабарының тұрақты жүргізушісі Елена Малышева әр жексенбіде әйел­дер, ерлер, отбасы арасында семіздікке қарсы арнайы бағдарлама ұйымдастырады. Ең көп салмақ тастаған азаматтар арасында 1 миллион рубль бәйге жариялап та қойған. Тағы бір телеарна таңертеңнен кешке дейін арықтауға арналған жаттығуларды насихаттаумен айналысады. Көптеген елдерде салмағы шамадан тыс адамдарды қызметке де алмайды. Мұның да арықтауға септігі тиетін көрінеді. Дәл осындай үрдісті Қазақстанда да қолға алатын кез келді. Өйткені семіріп барамыз. Ал «семіздікті қой ғана көтереді» деген аталы сөздің астарында көп нәрсе жатқаны жадыңызда жүруі тиіс. 

Жолдасбек ДУАНАБАЙ

Бөлісу: