«Тәкаппарлық – араб тіліндегі «кибр» және «тәкәббур» деген сөздерінен шығады. Ол «үлкен», «ұлы болу» деген мағынаны білдіреді. Қазақ тілінде ол «менмендік», «өркөкіректік», «кеудемсоқтық», «паңдану» деп те айтылады.[1]
Тәкәппарлық – қызғаныш, көреалмаушылық сияқты жүректің дерті. Атам қазақ ұлағатты сөздерінде «Тәкәппарлықты тәңірі сүймес», «Тәкәппарлық тек қана Аллаға ғана жарасады» деген. Тәкәппарлық адами сипатқа жатпайтын, Алла тағала сүймейтін жат қылық. Алла тағала Қасиетті Құран Кәрімде:
«Жер бетінде тәкәппарланып жүрме! Өйткені сен ешқашан жерді тесіп кете алмайсың және таулардан биік бола алмайсың. Бұлардың барлығы Раббыңның құзырында жек көрінішті жаман қылықтар саналады [2]» - деген.
Тағы бір аятта Алла тағала:
«Адамдарға паңданып (тәкаппарлықпен) қырын қарама және жерде тәкаппарланып жүрме. Шынында Алла тағала даңдайсыған мақтаншақтарды сүймейді. [3]»
Бүгінгі таңда тәкаппарлықтың белгісін еңкейген кәріден де, бесіктен белі шықпаған жастардан да байқалады. Бұл адам бойына жараспайтын сипаттың қаншалықты зиянды екенін бірі білсе, енді бірі білмей жатады. Мінеки осы қасиеттен сақтандыру үшін Алла елшісі (с.ғ.с.) хадисінде:
«Жүрегінде тозаңның салмағындай тәкаппарлық болған кісі жәннатқа кірмейді. [4]»
Тағы бір хадисінде сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) көкіректенгендер тозақ түбінен орын алатынын хабарлаған:
«Сендерге отта болатындардан хабар берейін бе? Олар – барлық дөрекі, сараң және өркөкірек тәкаппарлар [5]».
Негізінде бұл хадисті естігенде Алладан шынайы қорқатын құл дереу өзінің ішкі жан дүниесіне үңіліп, тәкаппарлықтың тозаңдай болсын қалдығы болса, тазартуға кіріскені жөн. Сонша жыл намаз оқып, ораза ұстап, құлшылықтарды толық орындап жүрген кезінде осы бір тәкаппарлықтың кесірінен сауабы бүкілімен құрдымға кеткенін ешкім қаламайтыны анық.
Алла тағала бізді алдымен неден жаратты, әуелі осыны жақсылап есте сақтайық, Алла тағала Құран Кәрімде:
«Мен сендерді бір тамшы судан жаратпадым ба! [6]» - деген. Ендеше адам баласына көкірегін керіп «мен», «мен былай істедім», «менің еңбегім» - деп айту бекершілік.
Адамзат тарихында жасалған ең бірінші күнә – осы тәкаппарлықтан туындаған. Бұны жасаушы қарғыс атқыр – Ібіліс еді. Сол тәкаппарлығының кесірінен Алланың рақымынан қуылды. Құран Кәрімде бұл туралы:
«Біз періштелерге Адамға а.с сәжде етуді әмір еткенімізде олар сәжде етті. Тек Ібіліс қана бас тартты, тәкаппарланды және кәпірлерден болды. [7]»
Келесі аяттарда Алла тағала:
«Мен әмір еткенде сені сәжде етуден не тыйды?» - деп сұрағанда, ол:
«Мен одан артықпын. Мені оттан жараттың, оны балшықтан жараттың [8]» - деп өзін жоғары қойды.
Менмендік өзіңді өзгелерден артық санау ғана емес, ол жүріс-тұрыс, қимыл-әрекетіңмен өзіңді паң ұстауды да қамтиды. Сондай-ақ мына жағдайға, мына дәулетке мен өз еңбегіммен, ақылдылығыммен, біліміммен, пысықтығыммен, жеттім дейтіндер кездеседі. Бұл түсінік бірте-бірте «Мен басқалардан артықпын» дегенге алып келетін Ібілістің қағидасына сай келеді. Өйткені Ібіліс білімсіздіктен менмендік танытқан жоқ, білімді көтере алмағандықтан тәкаппарлыққа барды. Олай болса білімді алған сайын адам «көп білемін» деп емес, «білмейтінім көп екен» деген қарапайымдылық танытуы ләзім. Бұдан бұрын қаншама билеуші, бай бағландар өмірден өтті. Атап айтсақ өзін «Құдаймын» деген Перғауын, Нәмрут, байлығының көптігі сонша қазыналарының кілтін отыз адам зорға көтеретін Қарун, жауынгер мықты Ад қауымы, жүзім бақшасының иесі туралы Құран Кәрімде анық баяндалып, олардың менмендіктері ақыры түптеріне жеткен. Тағы бір жағдай қалың бұқара халықтың арасында орын алған «қатардан қалмайық» деп аста төк ысырапшылдыққа барып жататын той жиындар «жұрттан асайын», «жұрт мені көрсін» деген сияқты мақтанудың арты да жақсылыққа апармайды. Әбу Хурайрадан р.а жеткен хадисте Алла елшісі (с.ғ.с.):
«Алла тағала ақыретте мына үш топ адаммен сөйлеспейді, оларды тазартпайды, назар аудармайды, олар: зинақор қарт, өтірікші басшы және менменшіл кедей» [9] - деп айтқанын жеткізді.
Қарапайымдылықтың үлгісі ретінде біз әрдайым Пайғамбарымызды өнеге тұтамыз, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қарапайымдылығы сонша құмда балалармен ойнайтындай қарапайым болатын. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) исламды жаю жолында қаншама қиындықтар мен азаптар шекті, Мекке алынған кезде өзіне озбырлық жасағандардың барлығын кешіре білді. Басқа мемлекеттердің басшылары құс жастықта, мамық төсекте, алтын-күміс ыдыстармен ас ішіп жүргенде, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жұпыны өмір сүрді, қамыс төсекте жатты, үй ішінде кей күндері ауызға іліп алатын нәр де болмайтын. Пайғамбарымызды көрген сахабаларда солай тіршілік қылды. Мына өткінші дүниенің қызығынан қарағанда ақыретті көбірек ойлады.
Тәкаппарлық ақыры жақсылыққа апармайтын жүректегі дерт. Алла тағала баршамызды осы тәкаппарлықтан сақтасын!
Нұрлан ЖАРҚЫМБАЕВ,
«Темірәлі» мешітінің имамы,
Атырау облысы, Құрманғазы ауданы
[1]Жұма мінбері. «Тәкаппарлық – екі дүние кесірі» Е. Қарақұлов 421 бет
[2]Исра сүресі 37-38 аяттар.
[3]Лұқман сүресі, 18 аят
[4]«Сахихуль Муслим»
[5]Имам Бухари, Имам Муслим (Риядус салихин)
[6]Мурсалат сүресі
[7]Бақар сүресі 34 аят
[8]Ағраф сүресі 12 аят
[9]Муслим Риядус Солихин