ҚМДБ наиб мүфтиі, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Серікбай қажы Ораздың қасиетті Мәдина қаласында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатынан.
“Біз қажыларымыз «қажы» деген сөзге лайық болса дейміз. Қажылыққа барған қоғамда өзінің мінез-құлқымен, сөзімен, адамдар арасында көркем қарым-қатынасымен, жалпы болмысымен үлгі болуы тиіс. «Пәленше қажылыққа барып келіпті» дегенде: «Е-е-е, дұрыс болған екен. Ол кісі қажылыққа баруға әбден лайықты еді. Оның әрбір әрекеті өнеге ғой» деп, жұрт лайықты бағасын беріп жатса қандай ғанибет?! Қажылық – адам баласына үлкен жауапкершілік жүктейді. Қажылық – туристік сапар емес. Біз осыны түсінуіміз тиіс. Ұлық сапардың өзіне тән қиыншылықтары мен сынақтары болады. Бәріне сабыр етуге тура келеді” деді наиб мүфти.
“Қажылық – Алланың үйіне қонаққа бару деген сөз. Алла Тағала өзінің құлдарын үйіне қонаққа шақырады. Сонда пенде: «Ләббайк Аллахума ләббайк» деген тәлбияны айтып: «Уа, Алла! Міне алдыңда тұрмын!» деп Оның шақыруына жауап береді. Түркі тілдес елдерге ортақ «ләббай» деген сөз бар. Бұл: «Тыңдап тұрмын, әміріңе құлдық», – деген мағынаны білдіреді. Сондықтан адам баласы барлық уақытта, барлық амалда Алла Тағаланың бұйрықтарын орындауы тиіс” деп жалғастарды Серікбай қажы.
Жыл сайын қажылыққа бару сәнге айналмауы тиіс деген дін қызметкері “Қажылықтың қадірін білуіміз керек. «Мен қажымын» деп айтудың өзі дұрыс емес. Кімнің «қажы» болғаны Аллаға ғана аян. Ислам атаққұмарлықты құптамайды. Қажыға барып келген адамдар баяғы әдетіне салынып, қоғамда ерсі әрекеттерімен көзге түссе немесе осы әрекетімен ағайын-туыстары арасында абыройынан айырылса, өзінің мұсылмандығына нұқсан келтіргені, тағы да сол баяғы пендешілікке жол бергені” деген пікірін алға тартты.
Серікбай қажы журналистермен кездесуінеде өз сөзін “Қазақ қажыны қадірлеген халық. Қажы келсе, төрден орын ұсынып, ерекше құрметтеген. Қазір де қажыны қадірлейді. Халқымыздың осы құрметіне, осы марапатына қылдай қиянат жасамауымыз қажет” деп қорытты.
Еске сала кетсек, биыл қасиетті парызын өтеу үшін Мекке, Мәдинә қалаларына елімізден төрт жарым мыңнан аса адам аттанды. Биыл барлық қажылығын өтеуге аттанған азаматтар Алматыдан тікелей Мәдинә қаласына 5 жарым сағатта FlyNAS әуекомпаниясының чартерлік рейстерімен жеткізіледі.
Бұған дейін еліміздің мұсылмандары бірнеше рейспен, басқа елдер арқылы қасиетті мекенге жетуге мәжбүр болған. Еліміздің Діни басқармасының жүргізген орасан зор жұмысының арқасында биыл осындай үлкен жетістікке қол жеткізіп отырмыз.
Айта кетсек, Меккеде бес парызының бірін өтеп жүрген жерлестерімізге өздерін аттандырған қажылық компаниялардың қызметкерлері, дәрігерлерінен басқа, Діни басқарма миссиясының құрамына енген бес дәрігер көмек көрсетіп, жүзге жуық имам мен ғалымдар үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді.
Биыл бұл миссия құрамына «Nur.kz»интернет-порталының тілшісі де еніп, қасиетті мекеннен биылғы қажылық барысы жайында тікелей фоторепортаждар мен материалдар әзірлеп отырады.
Дереккөзі: «Nur.kz»