25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

«Бір Аллаға сыйынып» оқуға шақырған Алтынсарин неге «шоқынды» атанды?

«Бір Аллаға сыйынып» оқуға шақырған Алтынсарин неге «шоқынды» атанды?

Ислам жұлдыздары

Қазақ Ыбырай Алтынсаринді ағартушы-педагог, ақын, жазушы, этнограф ретінде таниды. Қазақ даласында алғаш мектеп ашқан адам ретінде біледі. Оның “Кел, балалар, оқылық!” атты өлеңімен білімге құштарлығымыз артқан біздер “Бір Аллаға сыйынып” деген алғашқы жолдарының түсіп қалғанын кейін білдік. Осындай өлеңдері, тәлім-тәрбиелік мәні зор әңгімелерінің көптігіне қарамастан, кезінде Алтынсариннің “шоқынды”, “өлгенде үйінен крест шықты” деп айыпталғаны белгілі. Бұл әңгіменің түп төркіні қайдан шықты, Ыбырай расымен діннен алыстау адам ба еді?

Ыбырай Алтынсариннің діни еңбегі “Мұсылманшылықтың тұтқасы” деп аталады. Ол өзінің Ильминскийге 1882 жылы 12 қыркүйекте жазған хатында: «Ұлы мәртебелі, мархабатты төрем Николай Иванович! ...Қазіргі кезде қазақ арасында Мұхамбеттің діни оқуы жайылып, етек алып барады. Бұл діни оқуды көбінесе татар және Бұқар молдалары немесе татар, Бұқар медреселерінен оқып шыққан қазақтар жүргізіп отыр. Діни оқуға пайдаланатын құралдары – көбінесе қазаққа түсініктірек татар кітаптары. Бірақ онда ешқандай жүйе, көбінде мағына жоқ. Сондықтан, қазақ жастарының дін жөніндегі түсініктері теріс бағытқа түсіп кетпеуі үшін оларға өзінің ана тілінде жазылған, мұсылман дінінің негізгі рухына толық сай, дін оқыту құралы бола алатын «Мұсылманшылықтың тұтқасы» атты кітап жазып шықтым. Кітап төрт бөлімнен құралды. Бірінші бөлімде иман туралы, екінші бөлімде Құдайға құлшылық ету, яғни намаз оқу, ораза ұстау, кедейлерге садақа беру, қажыға бару жағы көрсетілді. Үшінші бөлімде – адамгершілік жайы, төртінші бөлімінде – намаз, ораза үстінде, басқа жағдайларда оқылатын арабша аяттар қазақ тіліне аударылып берілді. Аса қайырымды Николай Иванович, осы кітабымды сізге жіберіп, мұны бастыру ісіне өзіңіздің араласуыңызды сұраймын», – дейді. Айтса айтқанындай, кітап 1884 жылы Қазан қаласынан араб әріпімен жарық көрді. Халықты адасудан сақтау мақсатында шығарған кітабын онсыз да қазақ балаларын орысша оқуға үндеп жүргенін ұнатпайтын дүмше молдалар үлкен сынмен қабылдады. Түрлі айыптар тақты. Бұл жөнінде ыбырайтанушы ғалым, профессор Жамал Бәшірова: “Ыбырай Жаратушының барына шек келтірген емес. Бірақ ол дүмше молдаларға, сауатсыз діндарларға ашық қарсы шықты. Өйткені ол кездері халыққа білім беретін имамдар еді. Ыбырай халықты соқыр сенімнен алыстатқысы келді. Иман деген – сенім екені белгілі, біз бұл тұрғыда Абай, Ыбырай, Шәкерімдердің еңбектерін зерттей келіп, «иман тек діни ғана емес, сондай-ақ ғылыми сенімді де білдіреді» деген тұжырым жасадық. Ы.Алтынсариннің  «Мұсылманшылықтың тұтқасы» атты кітабының кіріспесінде «Имансыз еткен жақсылықтың пайдасы жоқ... Мәселен, біреу намаз оқыса да, ол намаздың керектігіне көңілі дұрысталмаса, әлбетте, ол намаз болып табылмайды. ...Бес парызды орындауды тек мұсылман болып көріну үшін жасаған болса, ол да күнә», – делінген. Яғни, Ыбырай халықты адал өмір сүруге шақыра отырып, оның негізі ғылым-білім мен имандылықтың ұштасуында екендігін баса көрсеткен, - дейді.

Ыбырайды бұл жаладан тек 1923 жылы сол кездегі жас жазушы Мұхтар Әуезов “Шолпан” журналында “Ыбырай Алтынсарин” атты мақала жазып, қорғап шықты. Онда: «Ыбырай жайында осы күнге шейін тым-тырыс болып келе жатқанының себебі бар шығар. Ол себеп – Ыбырай жайындағы ел арасындағы алыпқашпа өсек. Ол өсек, қысқасынан айтқанда, мынау: «Ыбырай орысқа сатылды. Шен алып, шекпен кию үшін Ильминский сияқты қаражүректермен жақын болды. Ақысына қазақ жұртын шоқындырып бермекші болды. Тірі күнінде осы бағытта қызмет қылды. Өлгенде үйінен бір сандық крест шықты. Өзі шоқынған. Аты-жөні Иван Алексеевич еді». Ыбырайға жабатын жаланың түрі осы», – дейді де, жазушы ол кісі туралы өсектің шығуының себептерін талдап, жоққа шығарады. Мұхтар Әуезов Ыбырайдың өзі өлген соң үйінен шыққан бір сандық крест дегені бір сандық қағаз екенін айтады. Бұл - әрине, Ыбырайдың дұшпандарының, дүмше молдалардың таратқан өсегі болатын. Осы деректі өз зерттеулерінде журналист Нәзира Жәрімбетова келтіреді.

Міне, ақынның бекер айыпталуы, сосын оны Әуезовтің ақтауы осылай. Бірақ ең өкініштісі, «шоқынды» деген сөз Алтынсаринге күні бүгінге дейін ілесіп келеді. Оның өлеңдері немесе әңгімелерімен, «Мұсылманшылықтың тұтқасы» кітабымен таныс жанның мұндай қате қадамға бармасы анық.

материал «Тұлғалар өміріндегі Ислам» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: