25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Исламның бүгінгі бет-бейнесіне айналған Мұхамед Салах

Исламның бүгінгі бет-бейнесіне айналған Мұхамед Салах

Ислам жұлдыздары

Мысыр футбол құрамасының ойыншысы, “Ливерпуль” клубының шабуылшысы Мұхамед Салахты бүгінгі Исламның бет-бейнесі көретіндер аз емес.

Мұхамед Салах ойынға алақанын жайып, дұға етіп кіреді, қақпаға енген әр гол сайын басын сәждеге қойып, шүкіршілік айтады. Клубта да оған арнайы халал тамақ әзірленеді. Ол әлемге Исламды тек жақсы қырынан көрсетіп келеді. Ол туралы батыс басылымдары “Салах қолға алған істен гүлдің иісі шығады” деп жазады. Оны барлығы жақсы көреді. Тіпті Сауд Арабиясының билігі Мұхамедке Меккеден жер сыйлаған екен. Бұл жөнінде Мекке қаласы басшылығының бірі Фахд әл-Роук: “Аталған сыйлық өзінің жомарттығы әрі көркем мінезімен көзге түскен Мысыр жұлдызына құрметпен сыйланып отыр. Сонымен қатар оның Британияда мұсылмандардың дәрежесін көтеріп жүргеніне ризамыз. Ол – біздің дініміздің Батыстағы бет-бейнесі”, - дейді. Мұхамед Салах аталған жерді әл-Харам шекарасынан тыс жерден таңдап ала алады әрі оны сатуға немесе мешіт салуға құқы бар. 

Мұхамед Салахты футболшы достары да, жанкүйерлері де, бапкерлері де ерекше жақсы көреді. Антонио Рюдигер: «Шынын айтсам, футбол әлемінде Салахтай сыпайы жанды кездестірмедім. Ол керемет адам» деп тамсанады. Өзге де жандар оның футболдағы ойыны өз алдына, адамдығын бірінші айтады. Адамның қолы ашық болуы мүмкін, кешірімшіл болуы мүмкін, бірақ көркем мінез-құлықты, жақсы адам болу бәрінің қолынан келе ме?! Әй, келе бермес…

1549274708_322_579_2884_2020_600x0_80_0_0_244f20df5164de63eccd974f965bd827.jpg

Атақ-даңқ, ақша жан-жағынан ағылып келіп жатса да Салах қарапайым қалпынан танған жоқ. Сұраған жанның бәріне автограф беруге тырысады, жүзі жарқырап, жымиып, кейде ерекше көңілмен тісін ақсита күліп жанкүйерлерімен фотоға түсіп жатады. Бір кездегі Пайғамбар [с.а.у] насихаттаған көркем мінездің үлгісін бүгінгі Салахтың бойынан көргендей боласың.

Мұхамед Салах өзі шыққан аядай ауыл Нагригті бір сәт те есінен шығарған емес. Қолынан келген көмегінің бәрін ауылына жасап келеді. Талайына жазылған есепсіз ақшаны ауылына көмек беруге туған мүмкіндік деп ұққан Салах біраз қаржыны сонда аударды. Мектеп салдырып, жабық футбол алаңын жасатты, спортзалдарға қажетті құрылғылар әперді, су құбырын жүргізіп берді. Ауыл әкімі Махер Шетия Мұхамедке деген шексіз алғысын білдіріп: “Салахтың біздің ауылды әлем картасынан ерекшелегені аздай, оның дамуына да үлес қосып келеді. Ол Базин ауруханасына қомақты қаржы беріп, препараттар мен жедел жәрдем көлігін алуға көмектесті” – деп еске алады.

Ал Салахтың өзі әр Рамазан сайын Нагригке барып, балаларға сыйлық таратады, олармен үстел теннисін, футбол ойнап, автограф беріп, суретке түседі екен. Бұл туралы футболшының бала күнгі досы Басюни сүйсініп айтқан көрінеді. Туған ауылына деген шексіз махаббатына жауап ретінде ауыл тұрғындары мектепке Мұхамед Салахтың есімін беріпті.

1970 жылы Пеленің жасыл алаңдағы шеберлігіне таңдай қаққан чех журналисі «Кеудесінде жаны бар бірде-бір адам Пеленің ойынын көру мүмкіндігін жіберіп алмауы керек» деп жазған екен. Сол секілді біз де Пайғамбарымыздың [с.а.у.] сүннетін берік ұстанып, әлемге ізгілік нұрын шашып жүрген, ғажап футболшының замандасы болғанымызды мақтан тұтып, әр ойынын жіберіп алмауымыз керек-ау...

материал «Әлем таныған мұсылмандар» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: