26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Иғтикәф мәселесі

Ораза

 «Иғтикәф» сөзінің тілдік мағынасы: бір жерде болу, тұрақтау. Шарғи мағынасы: арнайы орында[1] құлшылық ниетімен болу.[2]

Ханафи мазһабы бойынша Рамазанның соңғы он күнінде иғтикәф ету – сүннәт муәккәдә.[3] Рамазаннан тыс уақытта иғтикәф ету – мустахаб.[4]

Иғтикәфтің үш түрі болады:[5]

1. Уәжіп, яғни нәзір етілген иғтикәф.[6] Иғтикәфтің бұл түрі бір нәрсені нәзір еткен жағдайда міндетті болады. Мәселен: «Пәлен ісім болып кетсе, пәлен күн иғтикәф етуді ниет еттім»,-десе немесе істі атамай-ақ: «Пәлен күн иғтикәф етуді ниет еттім»,-десе, ниет еткен күндерді мешітте иғтикәф ету уәжіп болады.[7] Себебі, нәзір мәселесіне қатысты Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Хақ Тағалаға бойсұнуды нәзір еткен бойсұнсын. Аллаһ Тағалаға қарсы келуді нәзір еткен қарсы келмесін»,-деген.[8]

2. Сүннәт муәккәдә иғтикәфі.[9] Әдетте Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) Рамазанның соңғы он күндігінде иғтикәф ететін. Айша анамыз (родиял-лаһу ғанһа) айтады: «Нәби (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) жантәсілім болуға дейін Рамазанның соңғы он күндігінде иғтикәфта болатын. Нәби (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) дүниеден өткеннен кейін әйелдері де солай ететін болды».[10]

3. Нәфіл[11] иғтикәфі.[12] Бұл иғтикәфтің белгілі бір уақыты мен мерзімі жоқ. Ниетке қарай орындалады., тіпті, біреу өмір бойы иғтикәф етемін десе, ол да рұқсат.[13]

Иғтикәф шарттары мәселесіне келер болсақ, ол төмендегіше:

1. Мұсылман болу.[14]

2. Ақыл-есі дұрыс болу.[15]

3. Ихтиләм, хайз, нифас тәрізді бой дәретсіздіктен таза болу.[16] Бой дәретсіздіктен тазару үшін дәрет алу жеткіліксіз. Міндетті түрде ғұсыл (шомылу) қажет.[17]

4. Сауда-саттық т.с.с. дүние ісімен айналыспау.[18]

5. Тек жақсы сөз айту. Иғтикәфта мүлдем сөйлемеу – мәкрүһ. Осы себептен иғтикәфтағы адам сөйлеу қажет болған жағдайда дін, иман, Ақыретке қатысты сөз айтса дұрыс. Зікір етіп, Құран оқыса, тіпті, жақсы.[19] Себебі, тілді күнәлі сөзден сақтау – ғибадаттың ұлысы.[20]

6. Дүниеге қатысты бос сөзден сақтану.[21] Расулуллаһтың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) өзі бұл мәселеге қатысты: «Аллаһ Тағалаға және Қиямет күнiне иман келтiрген адам қонағын құрметтесiн. Хақ Тағалаға және Қиямет күнiне иман келтiрген адам көршiсiне зиянын тигiзбесiн. Аллаһ Тағалаға және Қиямет күнiне иман келтiрген адам жақсы сөз айтсын немесе үндемесiн»,-деген.[22]

Иғтикәф еткен адамның мысалы біреудің табалдырығында қажетін табандылықпен сұрап отырған адамға ұқсайды. Мұндай жағдайда, тіпті, ең қатыгез жүректің жұмсаруы ғажап емес! Ал жомарттығы ұлықтығына лайық Хақ Тағала пендесін қашанда кешіруге әзір. Көп жағдайда, тіпті, себепсіз де кешіреді. Ал жан-тәнімен Жаратушысына берілген пенденің қажеті өтелуіне күмән бола ма?!

Ибн Қайим (рохматул-лаһи ғаләйһи): «Иғтикәфтің мақсаты мен рухы – барлық нәрсемен қатынасты үзіп, жүректі Хақ Тағаламен байланыстыру. Өзін Аллаһ Тағалаға тапсыру. Жаратылғанмен байланысты үзіп, Жаратушымен байланысу»,-десе, «Марақил-Фалләхтің» жазбагері: «Ықыласпен орындалған иғтикәф ең абзал амалға айналады»,-деген.[23]

Иғтикәфта болған адам қандай халде болмасын, үнемі құлшылық еткен болып, әрдайым Аллаһ Тағалаға жақындай түседі. Ал Имам Муслим Әбу Заррдан (родиял-лаһу ғанһу) риуаят еткен құдси хадисте Жаратушы Иенің мына сөзі келтірілген: «Біригілікістеугеонесеартықсауап. Әрі одан да артығын беремін. Жамандық істеуге жазасына сол мөлшердегі жамандық беріледі немесе Мен оны кешіремін. Пендем Маған бiр кез жақындаса,[24] Мен оған бiр құлаш жақындаймын.[25] Егер Маған жүрiп келсе, Мен оған қарай жүгiремiн.[26] Жер бетiн толтыратындай көлемде күнә iстеп, бiрақ құлшылығыңда Маған серiк қоспаған пенденің істеген күнәсіне сай кешіріммен қарсы аламын».[27]

Иғтикәфта адам баласы Хақ Тағаланың қонағына айналып, Жаратушы Иенің қамқорлығында болады.

Иғтикәфтің дұрыс болуының шарттарына келер болсақ, ол:

1. Иғтикәфты ниеттену.[28] Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләй-һи уә салләм) ниеттің маңыздылығына қатысты: «Расында амалдар ниетке қарай ескерiлiп, әрбiр адамға ниетiне қарай берiледi»,-деген.[29] Иғтикәф ететін адам оның түрін нақты, яғни уәжіп болса: «Уәжіп иғтикәфты өтеуді ниет еттім»,-деп ниеттенуі тиіс.[30]

2. Мешітте болу.[31] Бұл мәселеге қатысты Хақ Тағала: «Мешітте иғтикәфта болған кезде әйелдеріңмен қосылмаңдар»,-деген.[32]

Имам Әбу Ханифаның (рохматул-лаһи ғаләйһи) пікірінше иғтикәф етілетін мешітте бес уақыт намаз оқылуы – шарт.[33] Имам Мухаммад (рохматул-лаһи ғаләйһи) және Имам Әбу Юсуфтың (рохматул-лаһи ғаләйһи) пікірінше мешітте бес уақыт намаз оқылмаса да, мешітте шариғат талаптарына сай болғаны жеткілікті.[34]

3. Ауыз бекіту. Бұл шарт уәжіп иғтикәфқа қатысты. Себебі, нәфіл иғтикәфта ораза ұстау шарт емес.[35]

Әйел адам иғтикәфын мешітте өтеуі – мәкрүһ тәнзиһ. Осы себептен әйелдердің иғтикәфі үйдегі арнайы орында[36] өтуі тиіс.[37] Ол болмаса, онда иғтикәф үшін арнайы бір орын белгіленеді.[38]

Негізінде әйел әрдайым сырт көзден барынша сақтанғаны жөн. Мұның мәнісі: өзгелердің ниеті бұзылмауына себепкер болмау. Бұл біреудің жеке басының ой-пікірі емес. Бұл – Хақ Тағаланың талабы. Осы себептен шариғат бойынша қыз бала балиғатқа жеткен шақтан бастап бойын сырт көзден жасыруы тиіс. Әйелдің бойын жасыратын киімді «хижәб» деп атайды. Ислам әйелдерге хижаб киюін ұсыну арқылы оларға ер адамдардың сұқтанбауын, киім кию мен жалпы сырт пішінінде жарасымдылық туғызу талабын ғана қояды. Бұл жағдайда хижаб қимыл-қозғалысқа кедергі болатын бұғау емес, керісінше әйелдің қорғанышы мен сақтығы.

Хижаб жамылу Ислам дініндегі тәрізді христиан дінінде де ізгілік болып есептеледі. Бұған дәлел монах әйелдердің киетін киімі. Монах әйелдердің киімі бет пен қолдың білезікке дейінгі жерінен басқа бүкіл дене мен шашты жауып тұрады. Евангелиенің өзі де мінәжат еткенде әйелден шашын жабуын талап етеді емес пе?! Рим папасы әйел затын қабылдаған уақытта, ол мейлі президенттің жұбайы немесе басқа бір белгілі қайраткер болсын, әйел кісі міндетті түрде шашын жабады.

Келесі мәселе: иғтикәфты бұзатын амалдар.

1. Мешіттен үзірсіз шығу. Үзірлі жағдайға дәретханаға бару, ихтиләф болған жағдайда шомылу үшін шығу, жұма намазына,[39] ілім қалқасына, жаназаға қатысу, науқасты зиярат ету жатады. Осы айтылған мақсатта мешіттен шығу иғтикәфты бұзбайды.[40]

Жұма намазына көрші мешітке барған жағдайда иғтикәфтағы адам барған мешітінде он рәкәғат намаздан артық уақыт болмауын қадағалауы тиіс. Яғни, жұма намаздың парызынан бұрын оқылатын төрт рәкәғат сүннәт намазын, екі рәкәғат парыз намазын және парыздан кейін оқылатын төрт рәкәғат сүннәт намазын оқығаннан кейін иғтикәф етіп жатқан мешітке қайта оралуы тиіс. Мұндай болмаған жағдайда иғтикәфі бұзылады.[41]

Сонымен қатар, өміріне қауіп төнген жағдайда мешіттен шығу, иғтикәфті жалғастыру ниетімен басқа мешітке ауысу үзірлі жағдайға жатады.[42]

2. Мешіттен үзірлі жағдаймен шыққаннан кейін, мешітке қайта оралмау.[43]

3. Әйелдердің хайз, нифас болуы.[44]

4. Ерлі-зайыптылардың қосылуы.[45]

5. Діннен шығу.[46]

6. Бірнеше күн бойы есінен тану, ақылынан айырылу.[47]

  Ханафи мазһабы бойынша иғтикәфта болған адам мына амалдарды істеуі мәкрүһ тахримге[48] жатады:[49]

1. Мүлдем үндемеу.[50]

2. Иғтикәфтаболатұрыпмешіткесаудазаттарыналыпкелу. Алайда, сауда заттарын алып келместен тіршілікке қажетті сауда шарттарын жасасуға болады.[51]

Иғтикәфтың мерзімі мен орыны мәселесіне келер болсақ, уәжіп және нәзір иғтикәфтың уақыты ең аз дегенде бір күн болуы тиіс. Себебі, уәжіп иғтикәфта ауыз бекітілуі тиіс.[52] Бұл мәселеге қатысты Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Иғтикәф оразасыз болмайды»,-деген.[53]

Нәфіл иғтикәфтің уақыты мәселесіне келсек, ғалымдардың арасында нәфіл иғтикәфтың мерзіміне қатысты түрлі пікір бар.[54] Мәселен Имам Әбу Ханифаның (рохматул-лаһи ғаләйһи) пікірінше ең аз дегенде бір күн иғтикәф етуге ниеттену қажет.[55] Алайда, Имам Мухаммадтың[56] (рохматул-лаһи ғаләйһи) пікірінше бір сағатқа иғтикәф етуге ниеттенсе болады.[57]

Иғтикәф орыны мәселесіне келер болсақ, жоғарыда айтылғанға қосарымыз: Мекке тұрғыны болған ер адам үшін ең абзал мешіт Меккедегі «Әл-Харам»[58] мешіті, Мадина тұрғыны болған ер адам үшін Мадинадағы Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) мешіті, ал Иерусалим тұрғыны болған ер адам үшін Иерусалимдегі «Әл-Ақса» мешіті.[59] Кейінгі кезекте орталық, кейін әркімнің өзі тұратын жердегі мешіт тұр.[60]

Абдуссамад Махат

 

 



[1]мысалы, мешітте.

[2]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи», «Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа».

[3] сүннәт муәккәдә – бекітілген сүннәт, Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) әрдайым істеген және істеңдер деп өсиет еткен амалдар. Мысалы таңғы намаздың парызынан бұрын екі рәкәғат сүннәт намазын оқу. Сүннәт муәккәдә амалын орындауға селқостықпен қараған адам жазаға лайық.

[4]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[5]«Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа».

[6]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[7]«Фадаил-аъмәл».

[8]хадисті Айша анамыздан (родиял-лаһу ъанһа) Имам Ахмад риуаят етті. («Әл-Муатта`а»)

[9]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[10]хадисті Айша анамыздан (родиял-лаһу ъанһа) Имам Бухари риуаят етті. («Фатхүл-Бари» шарху «Сахихил-Бухари»)

[11]мустахаб.

[12]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[13]«Фадаил-аъмәл».

[14]«Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа».

[15]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[16]«Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа».

[17]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[18]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[19]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[20]Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа».

[21]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[22] хадисті Әбу Һурайрадан (родиял-лаһу ъанһу) Имам Әбу Дауд риуаят етті. («Таһзибу сунәни Әби Дауд»)

[23]«Фадаил-аъмәл».

[24]яғни, аз да болса. («Тухфатүл-Ахуази»)

[25]ғалымдар бұл сөздің ұғымына қатысты айтады: «Пендем маған әміріме итағат етумен жақындаса, Мен оған жарылқауым мен рахметімді жаудырамын». («Сунәнут-Тирмизи»)

[26] яғни, оның тілек-қажетін орындауға асығамын. («Сахиху Муслим») Жалпы айтқанда: тәубесiне келсе күнәсiн тез кешiремiн, iстеген жақсылығының сауабын есесiмен беремiн.

[27] хадисті Әбу Заррдан (родиял-лаһу ъанһу) Имам Муслим риуаят етті. («Сахиху Муслим») Хадистің жалпы мағынасы: Маған әміріме итағат етумен «жақындағанға» оны рахметіме бөлеумен «жақындаймын». Маған итағат етіп, ыждағаттылық еткенге рахметімді жаудырамын. («Риядус-Солихин»)

[28]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи», «Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа».

[29] хадисті Омардан (родиял-лаһу ъанһу) Имам Әбу Дауд риуаят етті. («Таһзибу сунәни Әби Дауд»)

[30]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[31]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[32]«Бақара» сүресі, 187 аят.

[33]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[34]«Фадаил-аъмәл».

[35]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[36]ол әйелдің бөлмесі, не болмаса үйдегі намаз оқуға арналған орын болуы мүмкін.

[37]«Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа».

[38]«Фадаил-аъмәл».

[39]жұма намазы басқа мешітте мысалы, көрші мешітте оқылатын жағдайда. («Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа»)

[40]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[41]«Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа».

[42]«Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа».

[43]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[44]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[45]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[46]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[47]«Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа».

[48]яғни, харамға жақын. «Тахрим» сөзі «тыйым салынған» деген мағынаны білдіреді. Шариғатта «тахрим» деп харамға жақын амалды айтады. Мысалы, үтір уәжіп намазын оқымау. Мәкрүһ тахримнің үкімі: оны істеуші харамды істегендей болып, жазаға лайық болады. («Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи»)

[49]«Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа».

[50]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[51]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[52]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[53]хадисті Айша анамыздан (родиял-лаһу ъанһа) имам Әд-Даруқутни және Имам Байһақи риуаят етті. («Насбур-Райа»)

[54]«Фадаил-аъмәл».

[55]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[56] Имам Мухаммад – Имам Әбу Ханифаның (рохматул-лаһи ъаләйһи) шәкірті.

[57]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[58]яғни, «Қасиетті мешіт».

[59] ол мешітті «Бәйтүл-Муқаддас» деп те айтады.

[60]«Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа».

Бөлісу: