26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

13. Тек қазаны өтеу міндетті болатын жағдайлар

Ораза

 

Мына жағдайларда кәффаратсыз тек қазаны өтеу міндетті болады:

1. Науқастануы себебінен дәрі ішкен жағдайда. Науқас адам ауруы күшейіп кетуінен қауіптенсе немесе аурудан айығуы кешігетін болса дәрі ішіп, ендірсе болады. Бұл жағдайда тек ауыз ашқан күндердің қазасы өтеледі.[1]

2. Оразаның себебінен денсаулығына қауіп туған жағдайда. Мысалы, әлсіздігі себебінен немесе ауыз бекітуі өлімге себеп болса.[2]

3. Сапарда болу. Рамазан уақытында сапарға таң атудан бұрын шыққан адам ауыз бекітпесе болады. Оразаны ниеттеніп таң атқаннан кейін жолға шыққан адам сол күнін толық ұстайды.[3]

Дегенмен, Хақ Тағаланың: «Егер білсеңдер ораза ұстағандарың төлем беру мен қазасын өтегеннен гөрі[4] абзал»,-дегеніне сай,[5] машақатты болмаған жағдайда сапарда бола тұрып ауыз бекіткен абзал.[6]

Сонымен қатар, жамағатпен жол жүріп, жамағаттағылар ауыз бекітпеген болса, жамағаттан бөлінбеу мақсатында ораза ұстамаған жақсы.[7]

4. Соғысу. Ораза ұстайтын соғысатынына және оразаның себебінен әлсіздік пайда болатынына көзі жетіп тұрған адам шайқастың алдында ауыз ашса болады.[8]

5. Құрсақ көтерген[9] әйел. Құрсақ көтерген әйел оразаның баласына, не болмаса өзіне зиян келуінен қауіптенсе ауыз бекітпесе болады. Бұл жағдайда құрсақ көтерген әйелдің ораза ұстамауына әділ әрі мұсылман дәрігердің тұжырымы немесе өмір тәжірибесі негіз бола алады.[10] Бұл мәселеге қатысты Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Алла Тағала жолаушыға ораза ұстамауын және намазын қысқартып оқуын[11] рұқсат етіп, емізулі баласы бар және құрсақ көтерген әйелге ауыз бекітуді міндеттемеді»,-деген.[12]

6. Емізулі баласы бар әйел. Емізулі баласы бар әйелдің үкімі құрсақ көтерген әйелдің үкімімен бір.[13]

7. Жұмысы ауыр адам. Оразаның себебінен ауыр жұмыс істеген адамның өміріне қауіп төнсе ауыз ашса болады. Бұл жағдайда аштық пен шөлдің машақаты болуы шарт. Мұндай болмаған жағдайда ауыз ашуға болмайды.[14]

Біреулер: «Мен ораза ұстасам жұмысты қалай істеймін?»,-дейді. Мұндай адам сөзі жоғарыда айтылған шартқа келе ме, әлде келмей ме, соны қарасын! Келмеген жағдайда сөзі себеп емес, сылтау болады.[15]

Сонымен қатар, хайз немесе нифас жағдайында болған әйел және зұлымдыққа душар болу себебінен ауыз ашқан адам кәффаратсыз тек ауыз бекітпеген күннің қазасын өтейді.[16]

Ахуалы жоғарыда айтылған жағдайдың біріне сәйкес келген адам күн тал төбеге келгенге дейін жантәсілім болса, сол күннің оразасы мойынынан түседі. Ол үшін қаза да, фидья да міндетті болмайды.[17]

Жоғарыда айтылған жағдайдың біріне сай ораза ұстамаған адам қазасын бөліп-бөліп өтесе болады.[18]

Абдуссамад Махат

«Нұр Астана» мешітінің наиб имамы

 



[1]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[2]Бұл да сонда.

[3]Бұл да сонда.

[4]«Тафсирүл-Жәләләйн».

[5]«Бақара» сүресі, 184 аят.

[6]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[7]Бұл да сонда.

[8]Бұл да сонда.

[9]осы күні: «Сіз қанша бала көтердіңіз?»,-деген сұрақты жиі естісе болады. Ал негізінде қазақ: «Сіз қанша құрсақ көтердіңіз?»,-деген.

[10]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[11]жолаушы адам бесін, аср және құбтан намаздың парыздарын қысқартып, яғни екі рікіғат етіп оқиды. Бамдат және ақшам намаздары өзгеріссіз, яғни памдат екі рәкәғат, ақшам үш рәкәғат етіліп оқылады. («Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи»)

[12]«Хашиятус-Санади ъалән-Насаи».

[13]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[14]Бұл да сонда.

[15] ораза жанның тазаруы мен рухтың жоғарылауына септігін тигізеді. Мұның өзі адам баласына ораза ұстамағанмен салыстырғанда өнімді, әрі сапалы еңбек ететіндей рухани қуат дарытады. Ал рухани қуат – санасуды қажет ететін өте үлкен күш. Пайғамбардың (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) дәуірінде болған Бәдр шайқасында мұсылмандар ораза ұстаған болатын. Сол майданда олар жеңіп шықты. Ораза оларды әлсіретпеді, керісінше айрықша дем берді. (Исламды қаралауға қарсы жауап)

[16]«Әл-Фиқһ».

[17]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[18]Бұл да сонда.

Бөлісу: