25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Жеті саны сәттілік әкеле ме?

Жеті саны сәттілік әкеле ме?

Сұрақ-Жауап

Cұрақ: Ассаламу ғалейкум! Адамдар телефон, көлік және басқа да номерлеріне «мықты» сандарды таңдауға тырысады. Ырым бойынша, жеті, тоғыз сандары табыс әкелетін десе, он үш пен алты жүз алпыс алты ең сәтсіз сандар деп иланады. Сандар төңірегіндегі ырым-жорамалдар жайлы Ислам діні не дейді?

Жауап: Уа ғалейкум ассалам! «Олжалы» жеті немесе «сәтсіздік әкелетін» он үш сандарына қатысты сахаба Абдулла бин Амрдан (р.а.) мынадай риуаят жеткен: Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Кімде-кімді тыйра[1] кірісейін деп тұрған шаруасынан қайтарса, ол серік қосқан боп табылады», - деді. Мұны естіген адамдар: «Уа, Алла Елшісі! Оның өтеуі не? - деп күнәсін жуып-шаюдың жолын сұрайды. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Аллаһуммә лә хойра иллә хойрук, лә тойрә иллә тойрук уә лә иләһә ғойрук (Мағынасы: Уа, Алла! Сенің берген жақсылығыңнан басқа жақсылық жоқ. Құс екеш құстан пайда да зиян да жоқ. Пайда мен зиянды тек Сен бересің. Сенен басқа Құдай жоқ)» деп айту, - деді[2]».

Сахаба Имран бин Хасыйн (р.а.) мына хадисті риуаят еткен: «Құс ұшырып және құс ұштырып ырымдаған бізден емес, бал ашқан және бал аштырған бізден емес, сиқыр жасаған және сиқыр жасатқан бізден емес[3]».

Жоғарыдағы хадистерді талдаған имам Науаи: «Құс ұшыру – ырым. Бұл әрекеттің астарында белгілі бір сөз, іс-әрекет және көрген ісінен жамандық сезу бар. Араб халқы үркітіп құс ұшыратын және киік шаптыратын, құсы оң тарапқа ұшса ниет еткен сапарына шығып, шаруасына кірісетін. Ал, сол жаққа ұшса жаман ырымға балап сапарға шықпайтын. Шаруасын да істемейтін. Шариғат мұның барлығын тыйым салған. Бұл ырымның ешбір пайдасы да, зияны да жоқ екенін баян еткен...», - деп жазады.

Демек, кешегі араб халқының құс ұшыру ырымы мен бүгінгі қоғамдағы жеті, тоғыз, он үш және алты жүз алпыс алты сандарынан пайда не зиян күту ырымының негізі мен мақсаты ортақ.

Қамбаров Руслан

Исламтанушы


[1] Тыйра – Ежелгі арабтардағы құс ұшыру ырымы

[2] Ахмед, Табарани

[3] Табарани

Бөлісу: