25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Намаздан қалай рухани ләззат сезінуге болады?

Намаздан қалай рухани ләззат сезінуге болады?

Сұрақ-Жауап

Ассәләмүғаләйкүм!

Менікіндей жағдай біршама жастарда бар шығар деп ойлаймын. Намаздан ләззат алу былай тұрсын, қиналып оқимын. Алғаш намаз бастаған кезде жан-тәніммен беріліп оқитынмын. Айтыңыздаршы, құлшылықтың рақатын сезіну үшін не істеуге болады?

Уағаләйкумүссәләм!

Бес уақыт намазға қатысты әдептерді мұқият орындау қажет. Басқаша айтқанда, жайнамазға тұрып намаз бастаудан алдыңғы дайындық аса маңызды. Яғни ойды бөлетін шаруаларды тәмамдау қажет. Сонымен бірге, телефон сияқты ойды бөлетін құралдарды сөндіру де оңды әсер етеді. Ал, енді құлшылықты ықыласпен орындауға ықпал ететін бірқатар жайттарды айтып көрейік:

  1. Тазалық: Намаз оқып рухани тазарудан алдын, сыртқы тазалыққа мән беру керек. Сахаба Осман бин Аффан (р.а.) риуаяты: Мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Кімде-кім кірген парыз намазына дәретін жақсылап алып, намазды Алладан қорқып және рүкухтерін жақсылап жасап оқыса әуелгі намаздан бергі қате-күнәларына кәффарат болады. Бірақ үлкен күнә істемеген болуы тиіс. Міне, бұл өмір бойына жалғаса бермек[1]», деген сөзін естідім, - дейді. Демек, барлық сүннеті мен мұстахаптарын толығымен ескеріп дәрет алу.
  2. Уақыт. Әр намазды уақыты кіргенде оқу ерекше рухани әсер береді. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) ең қайырлы амал не? - деп сұрағанда: «Әуелгі уақытында оқылған намаз[2]», - деген. Олай болса, намаз уақытына немқұрайлы қарамау қажет.
  3. Сыртқы кейіп. Мүмкіндігінше, намазды жақсы киімде және хош иіс сеуіп оқу.
  4. Жамағатпен оқу. Бес уақытты түгел мешітте оқыған жақсы. Алайда, жұмыс немесе оқу бабымен мешітке бару қиындау болса, күніне таң немесе құптан намаздарын мешітке барып оқуға тырысу.
  5. Намаздан кейінгі амал. Намаздан кейінгі Аятул-Курси оқу, тәсбі тарту және дұға жасау сияқты нәпіл амалдарға ерекше мән берген жөн. Жұмыс үстінде және көшеде салауат айту және истиғфар зікірлерін мейлінше көп айтуды дағдыға айналдырған жөн. Салауат пен истиғфар зікірлері тілектің қабыл болуына ең көп әсер етуші дұғалар.

Омар бин Хаттаб (р.а.): «Расында, жүректің талпынып және кері кетіп тұратын сәттері болады. Талпынған сәтте нәпіл құлшылық істеңдер, кері кеткенде парыз құлшылық жасаңдар», - деп айтқан.

Адамның жүрегі кейде құлшылыққа ұмтылып, құлшынып тұрады. Мұндай сәттерде нәпіл намаз оқып, Құран Кәрім оқып құлшылықты көбейте түскен жөн. Ал, әлсіреп тұрған шақта парызды тыңғылықты орындаумен шектелген дұрыс.

Сонымен бірге, бос сөзден тыйылу, көзді харамнан сақтау және дастарқандағы астың адалдығына мән беру құлшылықты мейлінше рақаттана жасауға және ғибадат ләззатын сезінуге әсер етеді.

Руслан ҚАМБАР


[1] Муслим

[2] Дарақұтни, Хаким

Бөлісу: