25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Зекетті Рамазан айында беру міндетті ме?

Зекетті Рамазан айында беру міндетті ме?

Сұрақ-Жауап

Ассаламуалейкүм, зекетті кешіктіріп берсем бола ма әлде Рамазан айында беру міндетті ме?

Зекет – араб тілінен енген сөз. Бұл сөздің тілдік мағынасы «көбею, өсу, тазару» дегенді білдіреді. Құран Кәрімде: «Расында, өз нәпсісін тазартқан кісі (тозақ азабынан) құтылды»[1], - деп зекет берудің тазару мағынасында қолданылғандығы бұған дәлел.

Ал,  зекеттің шариғатттағы терминдік мағынасы: «Нисап көлеміне жететін дәулеті бар мұсылманның Алла разылығы үшін байлығының бір бөлігін шариғатқа сай жылына бір мәрте Құранда көрсетілген топтағы адамдарға беру» дегенді білдіреді.

Құран мен хадисте зекет атауы кейде садақа сөзімен бір мағынада қолданылған. Мысалы: «(Мұхаммед с.ғ.с.) Олардан садақа ал, сол арқылы оларды тазартып, берекелендіресің»[2], - дейді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Муазды (р.а) Йеменге жіберген кезде: «Алла Тағала олардың байларына малынан зекет беруді парыз еткендігін үйрет»[3], - дейді.

Төрт мәзһаб ғұламалары әрбір мұсылманға дүние-мүлкі нисап көлеміне жеткен жағдайда зекетін уақытында беруін парыз деген. Байлығының зекетін бермей, себепсіз кешіктіру дұрыс емес. Мұндай кісі күнәһар болады. Өйткені зекет – зекет алушының ақысы. Дінімізде кісі (пенде) ақысын бермеу немесе себепсіз кешіктіру аманатқа қиянат болып табылады. Уқба ибн Харис (р.а) былай дейді: «Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) бірге екінті намазын оқыдық. Алланың елшісі сәлем беріп болды да, дереу орнынан тұрып, бөлмесіне қарай кіріп кетті. Көп өтпей сахабаларының жүзінен  бұл әрекетіне таңғалғанын байқап былай деді: «Намазда тұрғанымда үйдегі алтын есіме түсті. Бұл алтынның түні бойы бізде болуын қаламадым. Дереу (пақыр-міскіндерге) таратылуын бұйырдым...»» - дейді. Ғалымдардың көпшілігі кембағалдарға берілетін садақаны үйде сақтамауға, зекетті кешіктірмеуге кеңес береді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) аталған іс-әрекетін үмбет үшін өнеге деп қараған.

Әрдайым жеңілдікті басты назарда ұстайтын дініміз зекет иесіне алушы таппай қалған жағдайда немесе басқа да себептер туындағанда зекетін кешіктіріп беруіне рұқсат еткен. Бір риуаятта хазірет Омардың (р.а) құрғақшылық жылында мұсылмандарға малдарының зекетін кешіктіріп келесі жылы бергізгені айтылған.

Ислам ғұламалары  парыз зекетті рақым айы болған Рамазан айында беруді әдетке айналдырған. Себебі, өзге айларға қарағанда бұл ай – сауаптар еселеніп жазылатын игілікке толы ай. Бірақ зекет парызын өтеу үшін белгілі бір ай немесе күн бекіту міндетті емес.

Материал «Ислам ғылымхалы» кітабынан алынды.

Ummet.kz


[1] Шәмс сүресі, 9 аят

[2] Тәубә сүресі, 103 аят

[3] Бұхари, Зекет, 1395; 149-б.

Бөлісу: