25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Қадір түнінің қасиеті қандай?

Қадір түнінің қасиеті қандай?

Сұрақ-Жауап

Рамазан айының 27-түні Қадір түні деп жатамыз. Бұл түннің қандай ерекшеліктері бар?

Жылына бір рет Рамазан айында келетін қасиетті Қадір түнінің рухани салмағы орасан зор. Әйтсе де, қалың бұқара қасиетті кешті ерекше ілтипат көрсетіп, ұлықтағанымен, Қадір түнінің тарихы мен мән-мағынасына терең үңіле бермейді. Алла Тағаланың кәләмі Құран Кәрімде қасиетті түн жайында «Қадір» сүресі бар. Оның мағынасы төмендегідей:

«1. Біз оны (Құранды) Қадір түні түсірдік.

  1. Қадір түні не екенін білесің бе, (Алла білдірмесе) қайдан білесің?
  2. Қадір түні мың айдан да артық.
  3. Ол түні періштелер мен Рух Раббыларының рұқсатымен әр түрлі іс атқару үшін лек-легімен түскен үстіне түсе береді.
  4. (Әсіресе, риясыз құлшылықпен өткізгендер үшін) ол түн таң бозарып атқанға дейін мейірім мен есендік түні болмақ.»

Қадір түні – сөзсіз, ең қадірлі түн! Есептесек, мың ай дегеніміз 83 жыл, 4 ай болады екен. Демек қадір түні жасаған құлшылықтарымыз 83 жылдық ғибадаттың сауабына тең болмақ. 95 жылдық адам өмірін алсақ, оның 15 жылы балиғат жасы болып саналады, сонда толық 80 жыл өмір сүргені. Ендеше, адамның өмірінде бір рет қадір түніне дөп келуі бүкіл ғұмырын құлшылықпен өткізгендей сауапқа кенелтеді. Қарап тұрсаңыз, бұл Алланың Мұхаммед (с.ғ.с.) үмметіне көрсеткен орасан зор мейірімі мен сыйы.

Бұл түні періштелердің жер бетіне түсуі, қадір түнінің маңыздылығын білдіреді. Хадисте былай дейді: «Қадір түні Рамазан айының жиырма жетінші немесе жиырма тоғызыншы түніне сай келеді. Бұл түні жерге түсетін періштелердің саны жер бетіндегі майда тастардан да көп болады». Періштелер мұсылман үмметін аралап, қандай ғибадат жасағандарын, таң намазына дейінгі дұға-тілектерін тыңдап, амал дәптерлеріне мол сауап жазып тұрады. Жамандық азаятын, құлшылық пен игі істер көбейетін түн.

Ең кереметі, осы түннің мың айдан да артық болуы Құранның сол түні түсе бастауында жатыр. Құлшылық етіп сауапқа кенелуге ең ұтымды кезең – қадір түні. Ал, адамның ең қорқынышты кезеңі – қабірге орналастырылған кезі. Қадір түнін құлшылықпен өткізу, қабірдің жарқырап, нұрлануына жол ашады.  Әнас ибн Малик (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте былай делінген: «Расында, сендерге бұл ай келді! Онда мың айдан да қайырлы бір түн бар. Сонда кім ол түні бейқамдық танытса, оның барлық игілігінен құр қалады. Ал, оның барлық игілігінен тек нағыз мақрұм ғана айырылып қалады!»

Дегенмен, қадір түнін ғана қадірлеп, сол түнді ғана ұйықтамай өткізіп, басқа түндерде ғибадаттарына салғырт қарау, Құраннан тыс ғұмыр кешу қате ұғым болып есептеледі. Хафиз ибн Рәжаб: «Ей, өз өмірін ешбір игілікке қол жеткізбей өткізген адам! Қадір түнін жіберіп алғандарымды қайта толықтыру үшін қолданамын, өйткені бұл түн тұтас өмірге тең келеді ғой!» - деген екен.

Ummet.kz

Бөлісу: