24
Сейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Пайғамбар ﷺ қандай кәсіппен айналысқан?

Пайғамбар ﷺ қандай кәсіппен айналысқан?

Сұрақ-Жауап

Құрметті оқырман,

Алда келе жатқан Мәуліт мерекесінің құрметіне орай Алла Елшісі (ﷺ) жайлы білімімізді жаңартайық әрі толықтыра түсейік деген ниетпен «Сұрақ-Жауап» айдарында «Пайғамбарымыз ﷺ жайлы 111 сұрақ» кітабынан үзінділер жариялап отыруды ұйғардық.

Алла қайырлы ілімімізді арттырсын!

Алла Елшісінің (ﷺ.) айтуынша, кісінің өз еңбегімен тапқаны адал. Ешбір пайғамбар басқаның қолына қарап масыл болмаған. Күллі пайғамбарлар түрлі кәсіппен айналысып қана қоймай, сол істі бірінші болып бастап, онысын елдің игілігіне ұсынған. Мысалы, хазірет Ыдырыс (а.с.) тігіншіліктің, хазірет Нұх (а.с.) кеме жасаудың шебері. Хазірет Дәуіт (а.с.) ел арасында темірден түйін түйген ұсталығымен танылып күнін көрсе, хазірет Зәкария (а.с.) ағаштан ою ойған хас шебер болған деседі. Сол секілді Алла Елшісі (ﷺ) бала кезінде қой бақты, ер жеткенде сауда жасады. Бір хадисінде: «Мен Мекке халқының қойын бақтым», - дейді.

Қой бағуының басты себептерінің бірі де Алла Тағала болашақ Пайғамбарымызды уақытын босқа өткізуден және кейбір жастардың ойын-сауықтарынан сақтаған. Бұған дәлел Пайғамбарымыздың (ﷺ) басынан өткен мына оқиға: Алла Елшісі (ﷺ) былай дейді: «Мен қараңғылық заманында сол кезге тән екі іске құмарттым, бірақ Алла Тағала оны маған істетпей, аман сақтады. Бұдан басқа кейін пайғамбарлық келгенге дейін ешбір жаманшылыққа бет бұрған емеспін. Менің істегім келген істің екеуі мынау: Бір құрайыш жігітімен бірге Меккенің шет жағында қой (түйе) бағатынбыз. Түнде де кезектесіп малға қарауды әдетке айналдырған едік.

Бір күні кешке жанымдағы жолдасыма: «Мен бүгін қалаға барып, жастардың түнгі ертегі мәжілістеріне қатысқым кеп тұрғаны», - деп малды тапсырып, Меккеге келдім. Қалаға кіре берісте-ақ бір жерде ән айтып, музыка ойналып жатқанын естідім. Сол күні қалада үйлену тойы өтуде екен. Ыңғайлы жерге отырып алып, тойды қызықтамақ болдым. Сол-ақ екен екі қүлағым тарс бітеліп, ұйықтап кетіппін. Таңертең күн шақшиып түскенде ғана оянып, есімді жидым. Қойшы жолдасым қайтып келгенімде менен не көргенімді сұрады. Мен басымнан өткен жайды баяндап бердім. Ол да аң-таң.

Тағы бірде дәл осылай той қызықтамақ болғанымда қайтадан алғашқыдағыдай түк сезбей ұйықтап қалыппын. Осыдан кейін надандық дәуірдегі думандарға қатыспақ түгіл, жолауға зауқым соқпады»[1]. Алла Тағала осылайша Пайғамбарымызды (ﷺ) жаманшылықтан қорғаған.

Үмбетіне еңбек етіп, адал аспен азықтануда үлгі болды. Алла тағала Пайғамбарымызды (ﷺ) қой бағып бейнеттендірмей, рақат өмір сүргізсе де болар еді. Алайда Аллатың хикметі өзінің жіберген елшісін (ﷺ) жастайынан бейнеттендіріп, адал еңбектің және халқына, еліне қызмет етудің, өзінің туыстарына жәрдем берудің өте маңызды іс екендігін көрсетті. Ал жатып ішер жалқаулық пен біреуге масыл болудың дінімізде жағымсыз іс екендігін білдірген.

Бұл тұста Алланың хикметі дінді жаюшы, насихатшының біреуге тәуелді болмау керектігін білдірді. Күнделікті күн көрісін өзі тауып, біреудің дүние- мүлкіне көз сүзбей, Алланың дінін түсіндіргенде ғана бұл істе табысты болатындығын білдірді. Дін үшін алу мен жеке қажеттілігі үшін еңбек етудің артықшылығын ұқтырды.

Ummet.kz


[1] Сүһәйли, Раудул-унф, 1/81

Бөлісу: