25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Намазда саптың арасы алшақ болса, жамағат намазының сауабы беріле ме?

Намазда саптың арасы алшақ болса, жамағат намазының сауабы беріле ме?

Сұрақ-Жауап

Cұрақ: Намазда саптың арасы алшақ болса, жамағат намазының сауабы беріле ме?

Жауап: Жамағат намазы дегеніміз – имамның артында тұрып, парыз, уәжіп, тарауық намаздарын оқу. Жамағат намазы – ер кісілер үшін бекітілген сүннет және сауабы өте үлкен. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Жамағатпен оқыған намаздың сауабы жеке оқыған намаздан жиырма жеті есе артық»[1], – деген. Сондай-ақ жамағат намазына қатысу ниетімен мешітке барған адамның әрбір қадамына сауап жазылып, күнәсі төгіледі.

Елімізде карантин режимінің жұмсаруына байланысты мешіттерімізде жамағат намазы арнайы санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып жүзеге асып жатыр. Сол талаптардың бірі – намаз оқушылардың арасындағы арақашықтық 1,5 метр болуы тиіс. Осыған орай «бұлай оқылған намазға жамағат намазының сауабы берілмейді», «олай оқу – бидғат» деп жүргендер де бар.

Жамағат болып намаз оқығанда саптың түзу болуы және арада ашық жердің болмауы – намаздың көркі әрі кемелдігі. Ол жайында Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көптеген хадистер келген.

عن أبي هريرة - رضي الله عنه - أن رسول الله - صلى الله عليه وسلم - قال: (أقيموا الصف في الصلاة؛ فإن إقامة الصف من حسن الصلاة).

Әбу Һурайрадан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Намазда тұрғанда сапты түзеңдер. Өйткені сапты түзеу – намаздың көркі», - десе, келесі хадисте: «Саптарыңды түзеңдер, расында саптарды түзету намазды толықтырады»[2], - деген. Намазда арада ашық жердің болмауын жұмһур (көпшілік) ғалымдар мандуб амалынан деген.

«Мұхтасар әл-Уиқая» кітабында: «Алдыңғы сапта бос орын бола тұра, артқы сапқа тұру – мәкрүһ»[3], - делінген. Бұдан түсінетініміз ешбір үзірсіз намазда тығыз тұрмау мәкрүһ болады. Дегенмен бұл жағдайдың өзінде намазы бұзылмайды. Өйткені намазда сапты түзеп, арада бос орын қалдырмау намаздың рүкіні не шарты емес.

Имам әл-Касани «Бадаиғ әс-Санаиғ» кітабында: «Егер бір адам мешіттің бір бұрышында тұрып, михрабта тұрған имамға ұйыса, намазы дұрыс болады. Өйткені мешіт ұзақтығына қарамастан бәрі бір орын болып табылады»[4], - деген. Яғни имамға ұю шарттарының бірі имам мен жамағат бір орында болуы керек.

Сондықтан індеттің тез таралу қаупін ескере отырып саптың тығыз болуын уақытша ескермеу мәкрүһ болмайды әрі намаз да бұзылмайды. Алла қаласа, жақсы күндер алдымызда. Зәрулік жағдайы өткеннен кейін сапта тығыз тұру өз үкіміне қайта оралады.

Сіз бен біздің еліміздегі вирустың алдын алуға бағытталған кешенді шараларды қатаң сақтауымыздың нәтижесі бұрынғы қалыпты құлшылықтарымызды тез арада қайта жасауға мүмкіндік туғызатынын түсінейік. Өзімізге қамқорлық өзгелерге қамқорлық екенін естен шығармайық.

Алла Тағала жер бетінен жұқпалы індетті жойып, мешіттерімізді жамағатқа толтырып, берекелі, мерекелі сәттерде жүздесуді жазғай! Еліміз аман, жеріміз тыныш, тәуелсіздігіміз баянды болғай! Әмин!

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі


 

[1] Имам Бұхари, Муслим.

[2] Имам Бұхари, Муслим.

[3] Мұхтасар әл-Уиқая

[4] Бадаиғ әс-Санаиғ

Бөлісу: