26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Демікпесі бар адам ораза ұстай ма?

Сұрақ-Жауап

Демікпесі (астма ауруы) бар адам ораза ұстай ма?

Демікпесі бар адам жиі демігіп, тұншығатындықтан, инголятор не дәрі пайдалануға мәжбүр. Сондықтан да, «мұндай жағдайдағы адам оразаны қайтеді?», яғни «инголятор арқылы ауызға сепкен дәрі оразаны бұза ма?»  деген сұрақ туады. Бұған қатысты ғалымдарымыз екі түрлі пікір айтады.

Біріншілері былай дейді: «Ауыз, мұрын, құлақ арқылы, яғни табиғи жолмен ішке барған нәрселер оразаны бұзады. Инголятор секілді аппараттармен ауызға шашқан дәрі ішке кететіндіктен ораза бұзылады. Мұндай аппаратсыз жүре алмайтын науқастарға ораза ұстамауына болады. Егер дәрігерлер науқастың бұл аурудан айығуы неғайбыл екеніне көз жеткізсе, онда ол оразаның әр күніне підия беріп отырады. Яғни, жоқ-жітікті, міскіндерді тамақтандырады»[1].

Ал екіншілердің пікірі бойынша: «Инголяция арқылы ауызға шашыратылатын дәрі асқазанға емес, тыныс алу жолдары арқылы өкпеге барады. Сондықтан да, мұны ішіп, жеу дей алмаймыз.[2]  Сондай-ақ, демікпе инголяторының бір рет шашқандағы мөлшері (шамамен 1/20 мл.) аз болғандықтан, дәрінің көбі ауыз бен тыныс алу жолдарында сіңіп кетеді. Ал, қалғаны тым аз болғандықтан, асқазанға баруы екіталай. Ондай мөлшер дәрет алған адамның аузында да қалдық судан қалады. Тіпті, одан аз болмаса. Ал ондай судың тамаққа кетуі оразаны бұзбайды. Ендеше демікпе (астма) ауруымен ауырған адамдардың еркін тынысталулары үшін ауызға шашатын «оттегі»  дәрісі оразаны бұзбайды»[3].

Қорытындылай келе айтарымыз, астмамен ауыратын кісі жоғарыда айтып өткен екі пікірдің қай-қайсын негізге алса да, шариғатқа теріс келмейді. Бірінші пікірге сүйенген кісі ораза ұстамай, отыз күн оразасы үшін підия беріп отырса да болады[4]. Ал ораза ұстағысы келетін адам екінші пікірді негізге алуына болады. Тынысы тарылған жағдайда инголятор аппаратын қолдануына рұқсат, тек шамадан тым асыра қолданбағаны абзал. Ал ем үшін инголятордан басқа таблетка не сироп түріндегі дәрі қолдану, тікелей ішке баратындықтан оразаны бұзады.

[1] http://www.dar-alifta.org, Проф.Доктор Али Жума, 2516-сұраққа жауап, 2004 жыл.; Пәтуә беру алқасы, 21/08/2008 ж. 1222 тізімдегі сұрақ.

[2] Әл-Алләф: Мин Фәтәуә Ә’имә, «Әл-Ләжнәтуд Дә'имә», 337 бет, Фәтуә 1240 нөм..

[3] Din Isleri Yuksek Kurulu: ORUC. Ankara 2010 y. 36 s.; Проф. Доктор Х. Ғафана, Яс’әлунәкә ан Рамазан–68бет.

[4]Шариғатта ауруларының айығуы үміт етілмеген жандар мен ораза ұстауға шамасы жетпейтін  қарт кісілер (ұстамаған оразасын қаза ете алмаса) рамазанның әр бір күні үшін бір кедейді тамақтандырады. Бұны «фидия» дейді. Фидияны ақшалайда беруге болады.   Бір кедейді отыз күн таңда және кешке тамақтандыру немесе алпыс кедейді бір күн таңертең яки кешке тамақтандыру жеткілікті. Фидия беруге шамасы келмесе Алладан кешірім тілейді. (М.Исаұлы, Қ.Жолдыбайұлы, Ислам Ғылымхалы – 329 бет. Алматы.)

Fatua.kz

Бөлісу: