01
Жұма,
Қараша

һижри

"Алла разылығы үшін" деп сұрағанның қолын қайтаруға болады ма?

"Алла разылығы үшін" деп сұрағанның қолын қайтаруға болады ма?

Сұрақ-Жауап

Қашанда адам баласы бір-бірінің көмегіне, қолдауына мұқтаж. Бір жұмысты атқару үшін басқа біреудің жәрдеміне жүгінеді, қажеті үшін ақша не зат сұрайды. «Алла разылығы үшін» деген сөзді қосып сұрайтыны тағы бар.

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла разылығы үшін (бір зат) сұраған адамға сұрағанын беріңдер»[1], «Сендерге адамдардың ең жаманы кім екенін айтайын ба? Ол Алла разылығы үшін бір нәрсе сұрап келген адамның сұрағанын бермеген адам»[2], «Алла разылығы үшін деп сұраған адам – лағынетке ұшырайды. Алла разылығы үшін сұрап келген адамның қолын қайтарған адам да лағынеттеледі»[3], - деген сөзі бұл істің тыйым салынғанын дәлелдейді. Бірақ хадистегі үзілді-кесілді тыйым бұл істен аулақ болу мақсатында айтылған деп түсіндіріледі.

Негізінде, мұсылман адамның мал-дүниесі өзінің разылығымен берілген жағдайда ғана басқаға халал болады. Шариғат бойынша, мұсылманның басқа мұсылман бауырының жанына, мал-мүлкіне және ар-намысына қол сұғуына болмайды.

Алла Тағала: «Уа, иман келтіргендер! Өз араларыңда мал-мүліктеріңді жалған жолмен жемеңдер, бірақ өзара келісілген сауда жолымен ғана (алыңдар). Өз-өздеріңді өлтірмеңдер. Ақиқатында, Алла сендерге рақымды»[4], – деп бұйырған.

Жоғарыдағы дәлелдерге сүйеніп, ғалымдар Алла разылығы үшін сұраған адамның қолын қайтару мәкруһ деп үкім берген[5]. Ал «Фәтауаи Һиндия» кітабында бұл мәселеге: «Егер бір адам басқа біреуден «Алла разылығы үшін мына жұмысымды істеп бер» десе, шариғат бойынша оның талабын орындау екінші адамға міндетті емес. Бірақ орындағаны абзал»[6], – деген тұжырым жасалады.


  1. Әбу Дәуіт, 1672.
  2. Тирмизи, «әл-Жамиғ», 1652; Ахмад, «әл-Муснад», 4/24.
  3. Тәбарани, «әл-Муғжәм әл-кәбир», 22/377.
  4. «Ниса» сүресі, 29-аят.
  5. «Әсна әл-мәталиб», 1/408.
  6. «Әл-Фәтауа әл-Һиндия», 5/318.
Бөлісу: