07
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Бас мүфти Жетісайдағы жаңа мешіттің ашылуына қатысты (ФОТО)

Ел іші
Жарнама

Жетісай қаласында сәні мен сәулеті жарасқан «Нұғман» атындағы зәулім мешіттің ашылу салтанаты болып өтті. Құлшылық ордасының ашылу салтанатына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, «Нұр Отан» ХДП-ның төраға орынбасары Бауыржан Байбек, саясаткер Әлихан Бәйменов, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов, Мақтарал ауданы әкімі Жамантай Бейсенбаев  т.б. бірқатар зиялы қауым өкілдері қатысты.

Қазір елімізде 2500-ге жуық имандылық үйі бар болатын болса, бұл жаңа нысан осы өңірдегі 786-ы мешіт болып ашылып отыр.

Салтанатты жиын ҚМДБ-ның төрағасы, наиб мүфти, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Серікбай қажы Ораз Сатыбалдыұлының қасиетті Құран Кәрімді тиләуат етуімен басталды. Бұдан соң сөз алған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы барша жиылғандарды құттықтап, өз лебізін білдірді. «Мешіт салудан асқан бақыт бар ма? Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Алла үйін тұрғызған адам үшін жәннатта сарай салынатынын өсиет етіп, сүйіншілеген. Ендеше, жаңа мешіт имандылықтың темірқазығына айналсын. Үйде оқыған намаздан қарағанда,  мешітте өтелген ғибадаттың сауабы мол. Мешітке асығайық. Құдайдың үйінде құлшылығымызды жасайық. Құрметті бауырлар, біздер қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт, тыныш заманда өмір сүріп отырмыз. Құлшылық жасауға барлық азамат құқылы. Бабаларымыз жасырын түрде Жаратушыға жалбарынған кешегі атеистік дәуірді артқа тастап, имандылық жолын ұстануға толық мүмкіндік туған тәуелсіз елде күн кешудеміз. Біз бодандықтың қасіретін көрген елміз. Алғ қазір, Құдайға шүкір, ешкім бізге неге намаз оқыдың, неге мешітке барып жүрсің демейді. Біз осындай бостандық заманның қадірін сезініп, Құдайға құл, адамға ұл болуды, имандылықты ту етуді мақсат тұтуымыз керек», – деген Бас мүфти мешіт кітапханасына ең үлкен сыйлық қасиетті Құран Кәрім тарту етті.

Осыдан соң облыс әкімі Асқар Мырзахметов құттықтау сөз алып, мешіт салдырған Бахариддин Аблазимовқа Мақтарал ауданының «Құрметті азаматы» атағын табыс етті. Мұнымен қатар, алтын құрсақты анасы Жамал апаны «Алтын ана» медалімен марапаттады.

Жаңа құлшылық үйінің атауы – Имам Ағзам Әбу Ханифаның құрметіне «Нұғман» делінген. Жер көлемі 5 гектар жерді құрайды. Жалпы, құлшылық үйінде бір мезетте 1 мың адам намаз оқи алады. Тоғыз жолдың торабында орналасқан мешіттің 4 мұнарасы бар. Алла үйінің құрылыс сәулеті ұлттық нақышпен тұрғызылған. Мешіттің конференция залы, кітапханасы,  екі дәрісханасы, бір үлкен әйелдер залы, неке және имамдар бөлмесі бар. Сонымен қатар мың көлікке арналған автотұраққа орын бөлінген. Мұнымен қатар, мешіт аумағында 500 кісіге арналған асханасы да бар. 

 

muftyat.kz

Бөлісу: