06
Сәрсенбі,
Қараша

һижри

ҚМДБ қажылық миссиясы: Қажылықпен айналысуға үміткер фирмаларға жаңа талаптар қойылады

Ел іші
Жарнама

2017 жылдың ақпан айының 21-і мен 28-і аралығында қазақстандық делегация Сауд Арабия Корольдігі (САК) Қажылық министрлігінің шақыртуы бойынша Жидда, Мекке, Мадина қалаларына ресми сапармен барып, осы жылғы қажылық маусымын ұйымдастыру жұмыстары бойынша екіжақты кездесулер өткізді.

Келіссөздер нәтижесінде САК Қажылық министрлігі Қазақстан Қажылық Миссиясына бірқатар жаңа талаптар қойды.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қажылық сапарының сапасы мен қызметін жақсарту, жерлестеріміздің қауіпсіздігін жан-жақты қамтамасыз ету мақсатында 2017 жылы қажылықпен айналысуға үміткер туристік фирмаларға қойылатын жаңа талаптарды назарларыңызға ұсынады.

Фирмаларға қойылатын талаптар төмендегідей:

1. Туристік фирманың тіркелгені туралы куәлігінің болуы;

2. Салық комитетінде тіркелгені туралы куәлігінің болуы;

3. Туроператорлық лицензиясының болуы;

4. ҚР аумағында соңғы 5 жыл ішінде қажылық және умрамен жұмыс істегені туралы тәжірибесінің болуы;

5. Өз қызметі аясында САК қажылық министрлігінен (мухаләфә/ереже бұзу) немесе ҚМДБ тарапынан ереже бұзғаны туралы ескертпенің болмауы;

6. ҚР аумағында кемінде халыққа сапалы қызмет көрсететін офисінің болуы;

7. САК Қажылық министрлігінің жаңа талаптарына сәйкес Хадж чек (қажыларды Жидда-Мекке-Мадина қалаларына тасымалдау мен Мина мен Арафат жазығындағы шатырларда орналасу үшін төленетін жарна) толығымен төленгендігі туралы түбіртектің болуы;

8. САК Азаматтық Авиация Комитетінің аккредитациясынан өткен Әуе тасымалымен айналысатын «Скат» немесе «Флай Нас» әуе компанияларының операторларына билет қаржысының кемінде 30% (пайыз) төленгені туралы түбіртектің болуы;

9. Қажылық миссиясына төленетін жарнаның түбіртегінің болуы;

Ескертпе:

- Хадж чекке байланысты төлемді САК қажылық министрлігіне қарасты құзырлы мекеменің есепшотына төлеу.

- Әуе тасымалына байланысты төлемді қажыларды тасымалдайтын әуе компанияның ресми операторының есепшотына төлеу.

- Қажылық миссиясына қатысты төлемді ҚМДБ қаржы бөліміне төлеу.

- Аталған құжаттар мен түбіртектер ҚМДБ Қажылық бөліміне өткізілуі тиіс және туристік фирмалар мен ҚМДБ арасында екі жақты келісімшарт жүргізіледі.

ҚМДБ Қажылық бөлімі

Бөлісу: