25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Бірлігі бекем елдің берекесі артады

Ел іші
Жарнама

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Халқымыз көктемнің мамыражай мамыр айының бірінші күнінде бірлік мерекесін атап өтеді. Мерейлі мейрамдағы ізгі іс-шаралар елімізді игілікке, халқымызды бірлікке бастап келеді.

«Бірлік» – қасиетті сөз. Қасиетті кітабымыз Құранда бірлік туралы баяндалған. Соңғы пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) хадистерінде де адамзаттың ауызбіршілігін уағыздаған. Жаратушы Иеміз «Әли Имран» сүресінде: «...Бөлінбеңдер», – деп әмір етсе, Оның Елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «...Көпшілікпен бірге болыңдар! Бөлінуден сақтаныңдар», – деп, жамағатты, барша адам баласын мейірімділікке, ортақ мақсатқа үндеген.

Халқымыздың би-шешендері мен ақын-жыраулары да әрқашан өсиетті сөздері мен ғибратты толғамдарында, өлең-жырларында бірлікті насихаттаған. Майқы би бабамыздың:

«Алтау ала болса, ауыздағы кетеді,

Төртеу түгел болса, төбедегі келеді», – деген нақыл сөзі қанша ғасыр өтсе де ұрпаққа өнеге бола бермек. Төле бидің: «Бірлік болмай, тірлік болмас», – деуі де тегін емес. Осынау парасатты пайымдаулар халқымыздың санасында сақталып, досқа қамқор, өзгеге өнеге көрсетіп, бірлікті ту етіп келеді. Кешегі көреген билеріміздің асыл аманаты − бүгін Елбасымызбен берекелі бастамаларға, бейбітшілікке, ортақ келісімге бағытталуда. Осының арқасында бүгінгі күні елімізді мекендеген 100-ден астам ұлттар мен ұлыстар, әртүрлі дін өкілдері Қазақстанда тату-тәтті өмір сүруде.  

Алланың берген өлшеусіз нығметі әрі сыйы – Тәуелсіздігімізді баянды ете түсу үшін ең алдымен бірлігімізге бекем болуымыз керек.

Қадірлі бауырлар! 1 мамыр бірлік мерекесі құтты болсын! Алла Тағала халқымыздың бірлігі мен берекесін арттырып, болашаққа басқан қадамымызды берекелі етсін! Тілегіміз қабыл, мұратымыз асыл болғай! Әмин! 

 Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,

         Қазақстан мұсылмандары діни

басқармасының төрағасы, Бас мүфти

Бөлісу: