26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Оңтүстік Қарағандыға қайырымдылық керуенін жіберді

Ел іші
Жарнама

Кеше «Қайырымдылық – қадірлі іс» атты қайырымдылық шарасы аясында Шымкенттен Қарағанды облысындағы су тасқынынан зардап шеккендерге қаржылай және гуманитарлық көмек керуені жөнелтілді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Оңтүстіктегі  өкілдігі мен «Зекет» қорының ұйытқы болуымен ұйымдастырылған акция барысында қаржылай 1 млн 357 мың теңге жиналды. Бұған қоса 400 келі ұн, 400 келі қант, 200 келі макарон, 300 келі күріш, 500 келі картоп, 300 келі пияз, 150 сөмке киім-кешек, 150 дана кілем және т.б. тұрмысқа қажетті заттар жиналды.

Оңтүстік облыстың бас имамы Ахметжан Керімбек қиналғанда көмек қолын созу мұсылмандықтың бір белгісі дейді. «Су тасқынынан зардап шеккендердің жағдайы баршамызға белгілі. Халқымызда «Тас түскен жеріне ауыр» деген қанатты сөз бар. Бауырларымыздың басына түскен ауыртпашылық — баршамызға ортақ мәселе. Сондай-ақ, қиналған пендеге көмектесу мұсылмандығымыздың айқын белгісі саналады» деді өкіл имам.

Айта кетейік, өткен аптада оңтүстікқазақстандық жастар су тасқынынан зардап шеккендер үшін Қарағандыға он тоннаға жуық гуманитарлық көмек жөнелткен болатын.

ummet.kz-ақпарат

Бөлісу: