Астана. 1 желтоқсан. E-ISLAM – Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өткен Республикалық жастары форумына қатысты, деп хабарлайды E-Islam.kz.
Форумда сөз сөйлеген Қазақстан президенті еліміздің қиын-қыстау кезеңдерден сүрінбей өтіп жеткен бүгінгі күніне тәубә деу керектігін айтты.
«Бүгінгі форумға еліміздің әр түкпірінен неше түрлі мамандықтың жастары жиналды. Бәріміздің қуанышымыз шексіз. Жас ұрпақтың қуаты – бұл Тәуелсіз Қазақстанның қуаты, болашағы деп санаймын. Тұңғыш Президент күні – қазақ қазақ болғалы, біз ел болғалы өз бетімізбен тұңғыш мемлекет басшымызды халық болып дербес сайлап алған күніміз. Сондай-ақ биыл Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын тойлағалы отыр. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы, ата-бабамыздың шексіз арманы орындалғаны. Еліміз қиыншылықтың бәрін көтерді. Осы заманға аман-есен жетті. Қазақстанды дүниежүзінің картасына нық қойғанымыз, дәрежесін көтергеніміз. Бұрын Кеңес одағының бір бөлшегі едік. Сол бөлшектен ел жасау, жұрт жасау, оның барлық керекті рәміздерін бекіту, дүниежүзіне паш ету оңай болған жоқ. Аштықтың да, жалаңаштықтың да, жұмыссыздықтың да бәрінен өттік. Бүгін әл-ауқаты орта деңгейден жоғары мемлекеттердің ішіне кірдік. Оған тәубә деуіміз керек» деді Мемлекет басшысы Н.Назарбаев.
ummet.kz-ақпарат