Бүгін Нұр-Мүбарак университеті жанынан экстремизмнің алдын алу мақсатында дін мамандарын қайта даярлау институты ашылды. Бұл туралы оқу орнының баспасөз қызметі хабарлады.
Институттың ашылу рәсіміне ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, Нұр-Мүбарак университетінің ректоры, профессор Жуда Басюни, проректор профессор Шамшәдин Керім, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитеті Дінтану сараптамасы басқармасының басшысы Балғабек Мырзаев қатысты.
ҚМДБ төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы аталмыш институттың бүгінгі қоғамдағы маңыздылығына тоқталды. «Мешіт жамағатының 85-90 пайызын жастар құрайды. Ал жалпы еліміздегі рухани ізденіске түскен адамдар ғаламтор арқылы жат ағымдардың уағыз-насихатына иланып жатады. Дәстүрімізге жат ағымға қарсы күресте осындай топ керек еді. Себебі имамдардың жалпы білімі болса да, дәл теріс діни топтардың алған бағытына қарсы күрес мәселесі бөлек әдісті талап етпек. Сондықтан, біз осы жағдайларды ескере отырып, алдағы 1-2 жылда 200-300-ге дейін мамандарымызды қайта даярлау курсында білімдерін пысықтаймыз деген үміттеміз» деді бас мүфти.
«Біздің университет шәкірт тәрбиелеп қана қоймай, ел ішіндегі діни мәселелер мен түйткілдермен де күресуге дайын. Себебі бұл баршамызға ортақ мүдде. Сондықтан, мен Мысырда осы екі ел арасындағы келісімдерге сай біршама лауазымды азаматтармен жолыққан едім. Болашақта бұл жаңа институтқа әл-Әзһар университетінен осы салаға маманданған арнайы 2 профессор келеді»деді Нұр-Мүбарак университетінің ректоры, профессор Жуда Басюни.
Бұл бастама 2016 жылдың 10 маусымында ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың төрағалығымен ҚР Қауіпсіздік Кеңесі отырысында мемлекеттік органдарға жүктелген бірқатар тапсырмаларға сәйкес жүзеге асып отыр. Елбасы нұсқауына сай ҚР ҰҚК Төрағасының бірінші орынбасары С.Әбіштің төрағалығымен жұмыс тобы құрылған болатын. Аталған жұмыс тобы ҚР МСМ мен ҚР БҒМ-не жаңа институтты Нұр-Мүбарак ЕИМ университеті жанынан ашуға тапсырма жүктелген. Білікті мамандар мен ғалымдардың орталығына айналған университет дін төңірегінде кез-келген сауалға жауап бере алады. Оқу орнында бір ғана Мысырдың әл-!зһар университетінің 14 ғылым докторы қызмет етеді.
Еліміздегі жаңылыс басқан жастар туралы деректерді ҚР МСМ Дін істер комитеті өкілі Балғабек Мырзаев айтып берді. «Бейресми деректер бойынша 15-16 мыңдай адам. Оның ішінде такфиристер, жиһадистер деп түрлі ағымдарға бөлініп жатады. Ал Сирияға 500-ге жуық адам кеткен. Сондықтан біз осы мәселелердің барлығын зерттеп, талдап, олардың теріс бағытқа кетуіне не себеп екендігін жан-жақты сараптаудамыз. Қазірдің өзінде «Ақ-ниет» оңалту орталығы жат ағым құрбандарымен жұмыс жасауда» деді Б.Мырзаев.
«Бұл – ұлттық проблема. Себебі қаншама қаракөздеріміз темір торға тоғытылып, тағдырлары талқандалып жатыр. Енді осы олқылықтың орнын толтырып, бұдан кейін өзгелердің жат ағым құрбаны болмауы үшін жан-жақты еңбек етуіміз маңызды» деді универиситет проректоры, профессор Шамшәдин Керім.
Ал жаңа ашылған институт директоры қызметіне Нұр-Мүбарак университетінің оқытушысы, PhD доктор Қайрат Құрманбаев тағайындалды. Еліміздің әр аймағынан келген 20 имамға институт мамандары дәрістер беруде.
ummet.kz-ақпарат