Бүгін жаңа өркениеттің белгілерімен әшекейленген, Исламның бастапқы кезеңінде орын алған тарихи оқиғалардың куәсі болған, Исламның бірінші астанасы – Мәдинада Қазақстан Қажылық миссиясының мүшелері тарихи орындар мен пайғамбарымыз Мұхаммедттің (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) өзі салған мешіттерімен танысты.
Мәдинемен танысу – шын мәнінде Ислам мен адамзат тарихының маңызды бөлімімен танысу болып есептеледі. Пайғамбарымыздың Мәдинеде ең бірінші іске асырған амалы мұсылмандарды жинап, олардың мәселелерін шешіп, ғибадатты орындау үшін қажет мешітті салу болған. Осындай мешіттердің бірі қасиетті Құба мешіті. Миссия өкілдері игі іс-шараны бірлік пен білімнің, мейрімділік пен барлық жақсылықтың ордасы болған Құба мешітін зиярат етуден бастады. Мешітте сәлем намазы оқылып, бата жасалды.
Алла елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Кімде-кім жолға шығып, осы мешітке (яғни, Құбаға) келіп, намаз оқыса, онда оған ұмраға (кіші қажылық) тең сауап беріледі», – деген. Мешіт – мәдениет пен руханияттың және ғылымның ордасы.Осыдан кейін миссия мүшелері Қос құбылалы мешітте болып, Ислам тарихымен, пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) өмірімен танысты. Мәдина қаласында оқитын жерлесіміз Әкбар Жақияұлы мешіттің «Қос құбылалы» деп аталу себебі мен тарихын тәптіштеп түсіндіріп берді.Қасиетті Ұхуд тауына да табан тіредік.
Әкбар бауырымыз пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Ұхуд бізді жақсы көреді, біз оны жақсы көреміз», – деген хадисінің мәні мен маңызын әңгімелеп берді. Отанға деген сүйіспеншіліктің қадір-қасиетін түсіну үшін елін қорғап шейіт болған үлгі тұлғаларға жақындап, оларды зиярат ету керек. Зияратшы өзін пайғамбар және басқа да тұлғалардың жоғарғы болмысын көрген кезде оларға сәлем, салауат айтып, олардың тағылым тәрбиесінен үлгі алады.
ҚМДБ Қажылық миссия мүшелеріне арналған мәдени шара қаладағы құрма бақшаларының бірінде жалғасын тапты.«Бүгінгі шараны ұйымдастырудағы басты мақсатымыз – Ислам тарихымен терең танысып, пайғамбар өмірінен ғибрат алып, оны еліміздегі мұсылман бауырларымызға, жалпы елімізге жеткізу – баршамыздың асыл міндетіміз. Алла Тағала еліміздің ынтымақ-бірлігін арттырып, берекетін жаудырғай», – дедібас мүфти кеңесшісі Қуат Раев.
ҚМДБ Қажылық миссиясының
ақпарат бөлімі