Бүгін Алматыда бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының қатысуымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Рамазан айына орай баспасөз мәслихаты өтті, деп хабарлайды Muftyat.kz.
БАҚ өкілдерімен өткен мәслихатқа ҚМДБ наиб мүфтиі Серікбай Ораз, Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Мұхаммед-Хұсейн Алсабеков және Алматы қаласының бас имамы Нұрбек Есмағанбет қатысты.
Жиын барысында бас мүфтидің рамазан айы қарсаңында халыққа Үндеуі оқылып, биылғы оразаның мерзімі, Рамазан айын анықтау, пітір садақасының мөлшерін анықтау мәселесі және оның үкімі, оразада атқарылатын айрықша қайырымдылық іс-шаралар, ораза ұстаушыға кеңестер, Қадір түні мен ораза айттың уақыты, т.б. мәселелер қамтылды.
«Рамазан – тақуалық пен береке айы. Барша отандастарымды қасиетті айда қайырымдылық жасауға үндеймін. Әр пенде сауапты амалымен, тақуалығымен Алланың алдында дәрежесі артады. Жомарт, жанашыр азаматтарды, кәсіпкерлерді көмекке мұқтаж адамдарға қамқорлық көрсетуге, мәселен, су тасқынынан үйсіз, шарасыз қалған отандастарымызға қайырымдылық жасауға, табиғи апат салдарынан бұзылған үйлерді жөндеуге қол ұшын беруге, жетім мен жесірге мейірімділік танытып, қараусыз қалған қарттарға көңіл бөлуге шақырамын» деді бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.
Бас мүфти өз сөзінде қасиетті айдың құрметіне сауда орындарында азық-түлік пен тұрмыстық заттарға жеңілдік жасалып, Құдайы ас-жиындар кешкілік ауызашар уақытында өткізілсе деген тілегін жеткізді. Сондай-ақ тойлардың ішімдіксіз болуын, оның сатылуына мүмкіндігінше жол берілмеуін сұрады. Сонымен қатар, ел азаматтарын оразаның әр күнінде жақсылық жасауға шақырды.
«Көпшілік жұртқа оразаның әр күнінде бір жақсылық жасауды жоспарлап, осынау сауапты амалдарды ықыласпен орындауға, Алланың әрдайым бізге үздіксіз нәсіп ететін нығметтерінен садақа беруге шақырамын. Ізгі амалдар Рамазаннан кейінгі айларда да жалғасын тапса игі» деді бас мүфти.
ummet.kz-ақпарат