29
Жексенбі,
Желтоқсан

һижри

Қажылық конкурсының алғашқы қорытындысы (ФОТО)

Ел іші
Жарнама

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2016 жылдың басында Сауд Арабия Корольдігі (САК) Қажылық министрлігінің жаңа талаптарына орай, еліміздегі қажылықпен айналысуға үміткер туристік фирмалар арасында алғаш рет ашық конкурс жариялаған болатын. Конкурс талаптары ақпарат құралдарында жарияланды.

Ашық Конкурсты жариялаудағы негізгі мақсат – қажылық сапарының сапасы мен қызметін жақсарту, жерлестеріміздің қауіпсіздігін жан-жақты қамтамасыз ету, осы салада кемінде 5 жыл қызмет еткен тәжірибесі мол компанияларды іріктеу, ірілендіру, қажылық маусымындағы ұйымдастыру жұмыстарын оңтайландыру, т.б.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бұйрығымен арнайы Қажылық комиссиясы құрылды. Комиссиясының мүшелері компаниялардан талап етілетін тиісті құжаттарды 2016 жылдың 16 мамырына дейін қабылдайтынын ресми мәлімдеді. 16 мамырда конкурсқа құжаттарды қабылдау жұмысы тоқтатылды.

Құжаттарды қабылдау мерзімі тоқтатылған күні, яғни 16 мамырда Алматы қаласындағы Діни басқарма ғимаратында Қажылық комиссиясының мәжілісі өтті. Мәжіліске ҚМДБ төраға орынбасары, наиб мүфти Серікбай қажы Ораз, ҚМДБ Аппарат жетекшісі Ғылымбек Мәжиев, ҚМДБ бөлім басшылары және қажылық компанияларының жетекшілері қатысты.

Күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Атап айтқанда, бірінші – ҚМДБ-ның қажылықпен айналысуға үміткер туристік фирмалар арасында жариялаған ашық конкурстың алғашқы қорытындысын шығару, екіншісі – 2016 жылғы қажылық маусымына дайындық шараларын пысықтау.

Қажылық комиссиясы ҚМДБ жариялаған конкурсқа 10 турфирма қатысу туралы өтініш білдіргенін атап өтті. Оның тізімі төмендегідей:

 1. «Хидаят нұр»;

2. «Яссауи»;

3. «Атлас туризм»;

4. «Хикмет тревель»;

5. «Дельта тревель»;

6. «Қызмет саяхат»;

7. «Әл-маруа»;

8. «Санабль»;

9. «Аңсар круиз»;

10. «Нұр-Қазақстан».

Қалған компаниялар тізімде көрсетілген 10 фирманың құрамына енді. Атап айтқанда, «Сембекова и К» фирмасы «Яассауи» компаниясымен бірікті. «Кәусар саяхат» компаниясы «Дельта тревель» фирмасының құрамына енді. «Иман тревель» фирмалары – «Әл-Маруа» компаниясымен, «Робинзон» – «Санабль» фирмасымен, «Ордабасы» – «Ансар круиз» фирмасымен, «Мина тур», «ТВВ тур» компаниялары «Нұр Қазақстан» фирмасымен бірікті.       

«Аталған 10 туристік фирмадан ғана тиісті құжаттарды қабылдадық. Осы жылы өтініш білдірген 10 турфирмамен жұмыс жасауға ниеттіміз. Алайда Сіздер осымен бұл конкурстан толық өттіңіздер деген сөз емес. Конкурстың негізгі үлкен екі талабын орындауларыңыз міндетті. Ол үшін қосымша уақыт беріледі. Осы екі талапты орындаған соң Сіздер конкурстан өткен болып саналасыздар», – деді Қажылық комиссиясының төрағасы Серікбай Ораз.

Комиссияның шешіміне сәйкес, белгіленген мерзім ішінде негізгі екі талапты орындаған жағдайда ғана аталған фирмалардың конкурстан өткендігі расталады.

Біріншісі: 2016 жылдың 23 мамырына дейін әуе тасымалымен айналысатын «Флай Нас» әуе компанияларының операторларына билет қаржысының 300 кісіге кемінде 30% (пайыз) төленгені туралы түбіртектің болуы;

Екіншісі: 2016 жылдың 30 мамырына дейін САК Қажылық министрлігінің жаңа талаптарына сәйкес, Хадж чек (қажыларды Жидда-Мекке-Мадина қалаларына тасымалдау және Мина мен Арафат жазығындағы шатырларда орналасу үшін төленетін жарна) қаржысының 300 кісіге төленгендігі туралы түбіртектің болуы.

Аталған осы екі талапты орындаған турфирмаларға 2016 жылғы қажылық маусымында қызмет етуіне рұқсат беріледі.


 

ҚМДБ Баспасөз қызметі

Бөлісу: