29
Жексенбі,
Желтоқсан

һижри

«Дәстүрлі ислам жауһарларының» тұсаукесері өтті (ФОТО)

Ел іші
Жарнама

Бүгін Алматыда Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында Діни басқарманың биылғы жылды «Дін және тарих тағылымы» жылы деп жариялауына орай дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Muftyat.kz.

Басқосуда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен  әзірленген «Дәстүрлі ислам жауһарлары» тарихи-танымдық кітабының тұсаукесер рәсімі болды. Сонымен қатар, «Дін және тарих тағылымы» жылында атқарылатын іс-шаралар баяндалып, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы зиялы қауым өкілдерін толғандырған сұрақтарға жауап берді.

«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультетінің Ғылыми кеңесі осы кітапты басып шығару туралы ұсыныс жасады. Оған екі жыл уақыт кетті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар кеңесі бұл ұсынысты бірден қолдап, 5 отырысында кітап талқылаудан өтті. Әбден жан-жақты жетілдірілді. Бұл біз үшін көптен күткен дүние еді. Алла қаласа, «Дәстүрлі ислам жауһарлары» кітабын басшылыққа алып, республикалық жазба ақындардың мүшәйрасын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз» деді бас мүфти.

Аталмыш еңбекте X-XVII ғғ. аралығындағы қарахандықтар, Алтын Орда және Қазақ хандығы дәуірлерінде жазылған діни-танымдық, діни-сопылық, діни-канондық және діни-ғибраттық туындылардың озық үлгілері жинақталған.

Кітап дінтанушыларға, гуманитарлық сала мамандарына, студенттер мен зерттеушілерге, иман байлығын барлық құндылықтан биік санайтын барша оқырман қауымға арналған.

Іс-шараға ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов, ҚР Жазушылар одағының өкілдері, ғылыми институт басшылары, жоғары оқу орындары ректорлары, қазақ басылымдарының бас редакторлары, ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері, тарихшы-ғалымдар қатысты.

Дөңгелек үстелді наиб мүфти, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Серікбай қажы Ораз жүргізді.


 

ummet.kz-ақпарат

Бөлісу: