Қазақстан халқының 70 %-ы ислам дінін ұстанады. Бұл шамамен 11 млн-нан астам тұрғын. Ел мұсылмандары үшін Қазақ топырағында әр уақытта көптеген мешіттер бой көтерді. Оның алғашқыларының бірі IX ғасырда Маңғышлақ жартыаралы жартасында тұрғызылған «Шақпақ ата» мешіті.
Қазіргі уақытта Қазақстанда 2700-ге жуық мешіт бар. Төмендегі тізімде ерекше әрі құрылысы ғажап ғибадатханаларды ұсынамыз.
1. «Әзірет Сұлтан» мешіті – Астанада орналасқан, Қазақстандағы және Орта Азия елдерінің ішінде ең ірі мешіт саналады. Мешіт құрылысы 2010-2012 жыл аралығында үш жылда бой көтерді. Құлшылық үйінің 9 күмбезі, 77 метрлік 4 мұнарасы бар, сыйымдылығы он мың адамға арналған.
2. Семей мешіті – Қазақстандағы ең ескі мешіттердің бірі. Құрылысы 1852 жылы басталған. Кірпішпен көркемделген 14 терезес мешіттің негізгі көркі болып табылады.
3. Павлодар қаласындағы «Мәшһүр Жүсіп» мешіті өзіндік сәулетімен ерекшеленеді. Ғимарат жобасы сегізбұрышты жұлдызды бейнелейді. Алайда, оның ең қызықты тұсы– шаңырақ іспеттес көтерілген күмбезі. Ол ежелгі түркі үйлерінің күмбезін көрсетеді.
4. Қарағанды орталық мешіті – Қазақстандағы үлкен мешіттердің бірі, сыйымдылығы 4 000 адамды қамтиды. Ғимарат дәстүрлі классикалық ислам архитектруасы бойынша тұрғызылған. Орталық үлкен күмбезі және төрт бұрышта мұнаралары бар. Мешіт интерьері қазақ халқының оюларымен әрленген.
5. Ең эклектикалық мешіт Қостанай қаласына тиесілі. Ол 1893 жылы салынған. Мешіттің ерекшелігі ғимарат құрылысында ислам архитектурасы мен эклектика элементтерін үйлестірілуінде.
6. Көкшетау қаласындағы «Науан Хазрет» мешіті еліміздегі ағаштан тұрғызылған сирек мешіттің бірі. Ғибадатхананың тарихы да ғасырға татиды, 1904 жылы іргетасы қаланған.
7. Қазақстандағы «қытайлық үлгідегі» мешіт Қытаймен шекаралас жатқан Жаркент қаласында орналасқан. Бұл ғажап ғимарат 1895 жылы қытайлық сәулетші Хон Пиктің жобасы негізінде салынған.
ummet.kz-ақпарат