28
Сенбі,
Желтоқсан

һижри

Шымкентте әр жұмада тегін нан таратылады (ФОТО)

Ел іші
Жарнама

Шымкенттік кәсіпкер Еркін Ахметовтың «Мехруз» атты азық-түлік дүкені әр жұма күні мұқтаж адамдарға тегін нан таратады. Шағын дүкеннің өзге сауда нүктелерінен еш айырмашылығы жоқ. Тек, әр аптаның жұмасы күні осы ауданның түкпір-түкпірінен адамдар таңнан кешке дейін тегін нан алуға ағылады екен. Бұл туралы «Оңтүстік Рабат» басылымы хабарлады.

Кәсіпкер Е.Ахметовтың айтуынша, аталмыш шара басталғанда тегінге құмартқандар да көбейген көрінеді. Сол себепті, бір адамға екі бөлкеден артық бермеуді дұрыс деп шешіпті. Дүкен иесі бұл қайырымдылығын 1 қаңтардан бастаған. «Біз тапқан табысымыздың бір бөлігін осындай қайырымдылыққа жұмсауды жөн санадық. Ал жұманы таңдаған себебіміз, бұл күн — мұсылмандар үшін қасиетті күн. Бірақ, біз адамдарды дініне қарап бөлмейміз. Жұма күні кім келсе де тегін нан алып кетеді. Бүгінде жағдай біраз қалыпқа келді. Біз өз клиенттерімізді танып қалдық. Арасында бұрын көрмеген адамдар да келіп тұрады. Ел ішінде әңгіме жатпайды ғой. Таңертеңгі 9-дан кешкі 9-ға дейін 300-400 бөлке нан таратамыз» дейді Еркін.

Бір қызығы, жұма күні дүкенге келгендердің барлығы бірдей тегін нан алып кетпейді екен. Өзін көмекке мұқтажбын деп есептемейтіндер бөлке нан үшін 40 теңге төлеп кетеді.

Айта кетсек, Еркіннің дүкенінде жеке наубайхана жоқ. Нанды көтерме бағамен жеткізетіндерден 35 теңгеден сатып алады. Айтуынша, аймақта нан бағасын ұстап тұрудан бас тартылғанына қарамастан әзірге ас атасының бағасы қымбаттамапты.

Бүгінгі таңда «Тегін нан» акциясына қаладағы бірнеше мекеме де өз үлесін қосуды ұйғарып отыр. Жергілікті фирмалардың бірі аптаның бір күнін таңдап, сатушыларын тегін маймен қуантпақ екен. Қазір дүкен иелері сауда өкілдерімен келісуде.


ummet.kz-ақпарат

Бөлісу: